Фейк: «COVID-19-ға қарсы егу науқаны сәтсіз аяқталады және бірыңғай әлемдік үкімет пайда болады»
Конспирологияны қолдайтын қазақстандық COVID-19-ға қарсы вакцинацияның не үшін қажет екендігі туралы жаңа идеяларымен бөлісуде. Олардың пайымдауынша, вакцинация науқаны сәтсіз аяқталады, өйткені вакцинацияланған адамдар жаппай өле бастайды. Халыққа қамқорлық жасау аясында егемен елдердің заңдарын жойып, өз бұйрықтарын шығаратын жаңа бірыңғай әлемдік үкімет құрылады. Бұл – фейк.
Чаттарда таратылған видеода қазіргі кезде COVID-19-ға қарсы «екінші» вакцина әзірленуде, оны салдырғандардың 90% – ы өледі, ал инкубациялық кезең 360 күнге дейін болады делінген. Бұл пікір шындыққа жанаспайды.
Бүгінгі таңда әлемде 287 кандидат вакцина әзірленуде, оның 102 – сі клиникалық сынақ сатысында, ал қалған 185-і клиникаға дейінгі тексеруден өтуде.
Иммундауға арналған барлық препараттар жануарларға да, адамдарға да сыналып, тексеріледі. Тиімділігі мен қауіпсіздігі күмән тудыратын вакциналар жаппай пайдалануға жіберілмейді.
«Инкубациялық кезең» ұғымы вакциналарға қатысты мүлдем қолданылмайды. Оны тек жұқпалы аурулар контекстінде ғана қолданады. Инкубациялық кезең – бұл патогеннің ағзаға енуі мен аурудың алғашқы белгілерінің көрінісі арасындағы уақыт кезеңі. Вакциналар мен дәрі-дәрмекте инкубациялық кезең болмайды, өйткені олар патоген емес.
Сондай-ақ, автордың айтуынша, өлімге әкелетін жұмбақ вакцина COVID-19 белгілерімен тез және тиімді күресу қабілетіне ие болады, сондықтан науқас адамдар вакцинацияға келісіп, таныстарына да егілуге кеңес беретін болады. Бұл да ғылымға қарсы. Вакциналар дәрі емес, яғни олар ауруды емдемейді. Вакциналар алдын алу құралы болып табылады. Пациент ауруды жұқтырмас бұрын егіледі. Бұл қауіпті патогендерге иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді және адам ауруды жұқтырғанда ауырмайды немесе ауру асқынусыз өтеді.
Ауырған кезде COVID-19 қарсы вакцина алмаған дұрыс. Бұл ретте ол симптомдарды жеңілдете алмайды. Мамандар бойынан COVID-19 белгілерін байқағандарға вакцинацияны кейінге қалдыруды ұсынады.
Вакцинация науқаны сәтсіз аяқталып, өзінің тиімсіздігін дәлелдейді деп айтатындай көрсеткіштер жоқ. Керісінше, Израильде вакцинацияланған адамдардың пайызы әлемдегі кез келген елге қарағанда көп, вакцинация өте жақсы нәтиже көрсетуде. Nature журналының мәліметі бойынша, егу науқаны басталғаннан кейін екі ай өткен соң, аурудың саны 77% – ға, ауруханаға жатқызу саны 68% – ға төмендеді, ал ауыр жағдайлардың саны 67% – ға кеміді.
Бүгінгі таңда Израильде ауыр жағдайлардың саны 92%-ға азайды, ал ауруханаға жатқызылатын COVID-19 жұқтырған науқастар саны 87% аз.
Конспирологтар арасында кеңінен тараған вакцина салдырғандардың өлімі туралы идея толығымен негізсіз.
Адамдарда КВИ вакциналарын сынау басталғалы бір жылдан астам уақыт өтті. Атап айтқанда, Pfizer/BioNTech препараты алғашқы еріктілерге бір жылдан астам уақыт бұрын – 2020 жылдың 5 мамырында егілді.
Бүгінгі күні қолданылып жатқан басқа препараттар өткен жылдың жазында адамдарда сынала бастады.
Сынаққа қатысушылар арасындағы жаппай өлім туралы хабарланған жоқ.
Бірыңғай әлемдік үкімет құру – бұл бірнеше қастандық теориясының бөлігі болып табылатын танымал идея. Масондық қастандықты, иллюминати қастандықты және басқа да ағымдарды жақтаушылар болашақта барлық мемлекеттер бірыңғай үкіметтің басшылығымен бір жерге бірігеді деп санайды. 2017 жылдың басынан бастап жаңа әлемдік тәртіп идеясы QAnon конспирологиялық теориясының арқасында танымал болды.
Теорияға сәйкес, әлемді сатанистік педофилдер сектасы басқарады, оған көптеген елдердің президенттері, саясаткерлері және шоу-бизнес жұлдыздары кіреді. Әлемді олардан Дональд Трамп пен оны серіктестері құтқаруы керек. Өткен жылы күзде ФТБ QAnon ұйымның кейбір мүшелері әлемдік элитаның немесе олар ешқандай дәлелсіз педофилдер деп тапқан адамдардың жиналған жерлерге қарулы шабуылдар жасағандықтан қозғалысты ішкі террористік қауіп деп таныды.
Конспирологиялық теорияның таралу ауқымына қарамастан, оның шынайылығына және бірыңғай әлемдік үкіметтің құрылатынына ешқандай дәлел жоқ.
Бұған дейін біз БҰҰ барлық егеменді елдерді жойып, ата-аналарды өз балаларын тәрбиелеу құқығынан айыруды жоспарлап отыр деген жалған пікірді жоққа шығарған болатынбыз.
Қорыта айтқанда, видеороликте айтылған идеялар жалған. COVID-19 қарсы қолданылып жатқан вакциналар қауіпсіз және егу науқаны жақсы нәтиже беруде. Вакцинацияланған адамдар жақын арада жаппай өле бастайды деуге негіз жоқ. Бірыңғай әлемдік үкімет идеясы дәлелдері жоқ танымал қастандық теориясының бөлігі болып табылады.