Фейк: «Вакцинацияланған адамдардың көбі иммундық жүйе мүмкіндіктерінің 80% айырылды»
Танымал Telegram арналарының бірінде Ұлыбритания үкіметінің ресми мәліметтері COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдардың көбінде иммун тапшылығы синдромы дамитыны туралы ақпарат тарады. Егілген адамдар иммундық жүйесінің 80% жоғалтқан екен. Бұл олай емес.
Бұл ақпараттың дереккөзі – THE EXPOSÉ порталы. Ол конспирологиялық және псевдоғылыми теориялар тарататынымен танымал. Фактчекерлер талай мәрте оның жарияланымдарын тексеріп, растамады.
2021 жылдың соңынан бастап портал вакцинацияланған адамдар иммун тапшылығы синдромынан зардап шегеді деген идеяларды белсенді түрде таратуда. Әр жолы бұл теорияны дәлелдеу үшін авторлар белгілі бір аймақтағы науқастар саны туралы ресми мәліметтерді пайдаланады. Әрбір жағдайда оларды есептеу әдістемесі дұрыс емес және манипулятивті болады.
Бұл жолы да есептеу әдісі өзгерген жоқ. Екпе салдырған адамдар арасындағы иммунитеттің елеулі бұзылуы туралы мақала авторлары Ұлыбританиядағы апта сайынғы аурушаңдық туралы есептерді қолданып, ондағы мәліметтерді бұрмалаған. Атап айтқанда, THE EXPOSÉ порталындағы мәтінде вакцинацияланған және вакцинацияланбаған халық тобы арасында ауру жұқтыру жағдайларының саны көрсетілген кесте қолданылады. Онда «Бұл деректерді түсіндіру кезінде сақ болу керек. Дұрыс түсіндіру үшін төмендегі ақпаратты қараңыз» деп жазылған. Бұл ретте мақаланың өзінде кестеде келтірілген ақпарат пайдаланылмаған. Ал онда былай жазылған: «Аса тиімді вакциналармен егілген жағдайда да халық арасында вакцинацияның өте жоғары деңгейі контекстінде ауру жұқтыру, ауруханаға жатқызу және өлім жағдайларының көп бөлігін егілмеген адамдар құрайды, өйткені екпе салдырғандар екпе салдырмағандарға қарағанда көп және ешқандай вакцина 100% қорғауды қамтамасыз етпейді. Вакцинациялау кезінде аурудың ауыр ағымы болуы мүмкін адамдар тобына басымдық берілетінін ескерсек, бұл дұрыс пікір. Осы осал топтардағы адамдар COVID-19-бен байланысты емес ауруларға шалдығып, қайтыс болуы ықтимал, сондай-ақ олар COVID-19 жұқтыруы немесе оның салдарынан емес, ілеспе аурулар диагнозымен өліп кетуі мүмкін».
Сонымен қатар, THE EXPOSÉ алдыңғы кестемен бірдей есептен алынған уақыт өткен КВИ қарсы вакциналардың тиімділігінің төмендеу кестесін ұсынады. Мақала авторлары бастапқыда айтылған COVID-19 қарсы вакциналардың жоғары тиімділігі жалған деп көрсетуге тырысады. Бұл олай емес. Уақыт өте келе вакциналардың тиімділігі төмендейтіні көрсетілген зерттеулер бар және олар баршаға қолжетімді. Олардың алғашқылары былтыр қазан айында жүргізілген.
Бұл, біріншіден, вакциналардың тиімділігі ешқашан өтірік болмағанын дәлелдейді, өйткені вакцинациядан кейінгі алғашқы апталарда қорғаныс тиімділігі өте жоғары болады. Екіншіден, вакцинация нәтижесінде қорғаныс деңгейінің төмендейтіні құпия болған жоқ. Керісінше, бұл кеңінен талқыланып, инфекциядан қажетті қорғауды қамтамасыз ету үшін вакциналардың қосымша, бустерлік дозаларын егу туралы шешім қабылданды.
Вакцинациядан туындаған иммун тапшылығы синдромына келетін болсақ, мұндай ауру мүлдем жоқ. Бұл туралы Reuters порталына Колумбия университетінің микробиология және иммунология профессоры Донна Фарбер хабарлады. Сонымен қатар, медицина ғылымдарының докторы, Пенсильвания Университетінің Перелман Медициналық мектебінің жұқпалы аурулар профессоры және Penn Global Medicine медициналық директоры, доктор Стивен Глюкман растады.
FullFact британдық фактчекинг порталы осы жылдың ақпан айында вакциналар иммун тапшылығы синдромын тудырады деген теорияға арналған материал жариялады. Сарапшылар бұл идея көбінесе әйгілі THE EXPOSÉ порталы мен дұрыс түсіндірілмеген мәліметтерді ұсыну нәтижесінде пайда болды деген қорытындыға келді. Оның ешқандай дәлелді ғылыми негіз жоқ.
Демек, егілген адамдар иммундық жүйе мүмкіндіктерінің 80% айырылды деген ақпарат фейк және ашық деректермен манипуляциялау болып табылады.