Дәлелсіз: «COVID-19 вакциналары АИТВ жұқтыру қаупін арттырады»
Қазнет қолданушылары COVID-19-ға қарсы вакцинация АИТВ жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін деген теорияны таратуда. Ad5 аденовирус векторына негізделген препараттар ықтимал қауіп болып табылады. Алайда, бұл теория расталмаған.
Ad5 аденовирустық векторының АИТВ жұқтыру қаупімен ықтимал байланысы туралы ескерту өткен жылдың 19 қазанында The Lancet ғылыми журналында жарияланған болатын. Онда қазір Ad5 деп аталатын жасап шығарылған штамм ЖИТС-ке қарсы вакцина әзірлеу кезінде қолданылғаны туралы айтылады. Тәжірибелік препараттарды сынау нәтижесінде кейбір еріктілерде АИТВ-ға қабылдағыштық артқан. Жарияланған мақалада авторлар аденовирустық вектордың мұндай күтпеген нәтижеге себеп болған-болмағаны, әлде басқа себептің болғаны әлі де белгісіз екенін мойындайды. Сондай-ақ, материалда Ad5 АИТВ жұқтыру қаупін қалай арттыра алатындығы туралы нақты механизм сипатталмаған.
Мақала жарияланған кезде вакциналар клиникалық сынақтан өтіп жатқандықтан, COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация әлі басталмағанын атап өткеніміз жөн.
Алайда ғылыми қауымдастық The Lancet-те жарияланған мақалаға назар аударды. Өткен жылдың желтоқсан айында Наффилд медициналық департаментінің профессоры Люси Доррелл COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін АИТВ жұқтыру қаупінің арту ықтималдылығы екіталай деп атады.
Қазіргі кезе АИТВ-сы бар адамдарға COVID-19 қарсы вакциналарды зерттеу жүргізілуде. Нәтижелер препараттардың қауіпті емес екенін және АИТВ нәтижесі оң науқастардың жағдайын нашарлатпайтынын растады.
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы АИТВ-мен ауыратын адамдарға COVID-19-ға қарсы егуді ұсынады.
АИТВ медициналық қауымдастығы осы жылдың 2 маусымында COVID-19 қарсы вакцинацияға қатысты ұсыныстар жариялады. Құжатта АИТВ немесе иммуносупрессияның басқа түрлерімен және вакцина алғаннан кейін хабарланған жағымсыз реакциялар арасында ешқандай байланыс жоқ делінген.
Бүгінгі таңда әлемде 894.70 млн адам COVID-19-ға қарсы егілді. Препаратты алу нәтижесінде оларда АИТВ дамығаны туралы деректер жоқ.
Вакцинацияланған адамдарда АИТВ дамитыны туралы теория австралиялық вакцинаның клиникалық зерттеулерге қатысқан бірнеше адамда иммун тапшылығы вирусына жасалған тест жалған оң нәтиже көрсеткеннен кейін тарады. Кейіннен сынаққа қатысқандардың ешқайсысы АИТВ жұқтырмағаны расталғанына қарамастар, бұл вакцинаны одан әрі дамыту жұмыстары тоқтатылды. Бұл туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Фейк: «КВИ вакциналары АИТВ жұқтырады және оның құрамында бақылау құрылғылары мен люцифераза бар»
Қорыта айтқанда, COVID-19-ға қарсы вакцинация нәтижесінде АИТВ-ны жұқтыру қаупінің артатыны туралы хабарламалар теория ғана болып табылады. Вакцинаның сәтті клиникалық сынақтары, сондай-ақ әлемде жүздеген миллион вакцинацияланған адамдардың арасында препаратты қабылдау нәтижесінде АИТВ-ның расталған жағдайлары тіркелмегені оны жоққа шығарады.