Астронавт ғарыштан парашютпен секірді – фейк

Желіде аман қалу үшін ғарыштан секіруге мәжбүр болған астронавттың әңгімесі шықты. Ол орбиталық аппаратта жұмыс істеген. Ал аппаратта саңылау пайда болғанда, тонып қалмау және тірі қалу үшін 40 км биіктіктен парашютпен секіруге тура келген екен.
Видео авторы екі оқиғаны біріктіріп, жалған дәлелдер келтірген. Ролик жылап, Жермен қоштасып жатқан ғарышкердің костюмін киген адамның видеосынан басталады. Бұл әлеуметтік желілердің жұлдызы ұлыбританиялық актер Льюис Саундерсон. Ол драмалық және эмоционалды монологтарымен танымал, көбінесе қайғылы контент ұсынады. TikTok-та Сандерсонға 2 миллионнан астам адам жазылған. Сондай-ақ, ол Instagram мен YouTube-те видеолар жариялайды, ең танымал видеолардың бірі «Әкенің өлім аузында жатқан балаға айтқан соңғы сөзі» деп аталады. Бұл видео 13 миллионнан астам қаралым жинаған.
Саундерсон драмамен ғана шектелмейді, аздап ғылыми фантастикаға да қызығушылығы бар. Роликтердің бірінде ол астронавт рөлін сомдайды. Онда ол Хьюстон басқару орталығына экипаждың қайтыс болғанын, оларға белгісіз қатер төніп тұрғанын айтады. Жалған видеода пайдаланушыларды шатастыру үшін дәл осы кадрлар қолданылған.
Видеоның басқа кадрлары өмірден алынған. Бұл Red Bull Stratos деп аталатын биіктіктен парашютпен секіру жобасынан үзінділер. Жобаға австриялық парашютист Феликс Баумгартнер қатысқан. Ол 2012 жылдың 14 қазанында ұшқан, бұл тарихта қаларлық оқиға болды. Баумгартнер шамамен 39 км биіктікке стратосфераға көтерілді. Бұл үшін гелий шар пайдаланылды, ал парашютист арнайы скафандр киді. Ұшу АҚШ-тың Нью-Мексико қаласынан жүзеге асырылды. Баумгартнер қажетті биіктікке көтерілген соң, еркін құлап, парашютті ашып, Жерге аман-есен қонды. Ұшу шамамен 10 минутқа созылды. Құлау жылдамдығы 1 342,8 км/сағ құрады, нәтижесінде Баумгартнер дыбыстан жоғары жылдамдықпен еркін құлаған алғашқы адам атанды.
YouTube-тің хабарлауынша, австриялық парашютистің секіргенін 9,5 миллионнан астам көрермен тікелей эфирде тамашалаған. Бұл «YouTube-те бір уақытта ең көп қаралған тікелей эфир» бойынша жаңа рекорд болды.
Демек, видео – фейк, онда автор екі оқиғаны біріктірген. Драмалық роликтерімен белгілі Льюис Саундерсон ғарыштан парашютпен секірген астронавт туралы жалған видеода қолданылған. Ал Феликс Баумгартнердің 39 км биіктіктен секірген видеосы роликті шынайы етіп көрсету үшін қажет болған. Фактілер ойдан шығарылған оқиғалармен біріктірілгендіктен адам шатасады, сондықтан интернеттегі ақпаратқа сыни тұрғыдан қараған жөн.