Фейк: «COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған адамдар қатаң санитарлық талаптарды сақтауы керек»
Қазақстандықтар Telegram-чаттарда COVID-19-ға қарсы вакцина алған адамдар инфекция тасымалдаушы болып табылатындықтан неғұрлым қатаң санитарлық талаптарды сақтауы керек деген идеяны талқылауда. Атап айтқанда, Қазнет қолданушыларының пікірінше, егілгендер барлық жерде міндетті түрде бетперде тағып жүруі керек, ал басқа адамдарға маска тағу жай ұсынылады. Бұл олай емес.
Қазақстанда қоғамдық орындарда 5 жасқа дейінгі балалар мен медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқасының бәрі бетперде тағуға міндетті.
– Шетелдік ғалымдардың алдын ала мәліметтері бойынша, ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың кемінде 60%-ын вакцинациялау қажет. Осыған байланысты шектеу шараларын толық алып тастау, оның ішінде КВИ-ге қарсы екпе салдырғандар үшін бетперде тағу режимін алып тастау мәселесі әзірге қаралып жатқан жоқ, – деп хабарлады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ, ол КВИ-ге қарсы вакцинацияның толық курсынан өткен адамдар үшін Қазақстанда бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Мысалы, елімізге шетелден ПТР-талдаусыз келу мүмкіндігі, жетім балалармен кездесу үшін әлеуетті ата-аналардың балалар үйлері мен сәбилер үйлеріне баруы және ПТР талдаусыз пациенттерді жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу.
COVID-19 қарсы вакцина салдырғаннан кейін ол адамның басқаларға індет жұқтыруы мүмкін екендігі туралы мәлімдемелерді бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз. Олар шындыққа жанаспайды және қолда бар фактілерге қайшы келеді.
Фейк: «COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін адам тағы 60 күн бойы ауру жұқтыруы мүмкін»
Демек, COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдар үшін санитарлық талаптардың күшейтілуі туралы хабарламалар негізсіз екені анық.