Фейк инвестициялық схемада Қазақстан президентінің аты аталады

Қазнетте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» инвестициялық платформасы туралы айтқан жалған видео таралуда. Ол комитетке бұл бағдарламаны елдің барлық тұрғындарына қол жетімді ету туралы тапсырма берген екенг Бұл өтірік.
Ролик жалған дауыспен дыбысталған. Түпнұсқа видео 2023 жылы YouTube-те жарияланған.
Алаяқтар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзін негізге алған. Онда «Қазатомөнеркәсіп» инвестициялық платформасы туралы айтылмайды. Мемлекет басшысының ресми сайтында да бұл бағдарлама туралы ақпарат жоқ.
Онлайн алаяқтар адамдарды сендіру үшін жалған пікірлер жасаған. Бұл видеолардың түпнұсқасы Интернетте бар, оны бәрі көре алады. Олардың бірінде зейнеткер желілік бизнестегі жұмысы, екіншісінде бір әйел ментальды арифметика тренері ретінде оқу тәжірибесі жайлы айтады.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының атынан шыққан инвестиция салу туралы алаяқтық схема Қазнетте бірнеше айдан бері таралып келеді. Бұған дейін алаяқтар жалған платформаны Димаш Құдайбергеннің атынан насихаттаған.
Қомақты төлемдер төленетін инвестициялық платформаларға сақтықпен қарау керек. Күмәнді сілтемелер арқылы өтіп, өзіңіздің жеке деректеріңізге қауіп төндіресіз және ақшаңызды жоғалтуыңыз мүмкін.