Еңбекақы туралы фейк: Қазнетте әзіл жарияланымдар шынайы жаңалық ретінде ұсынылуда
Әлеуметтік желі қолданушылары сатиралық Instagram-пабликтің күлкілі жарияланымдарын шынайы жаңалықтар деп таратуды жалғастыруда. Бұл жолы олар қазақстандықтарды еңбекақы мөлшері туралы фейкпен жаңылыстырып отыр.
Қазақстанда орташа айлық номиналды еңбекақы 683 432 теңгені құрайтыны туралы жарияланым Facebook-те жарық көрді. Ұлттық статистика бюросы осылай есептеген екен.
Шын мәнінде, бұл хабарлама Qaznews24 Instagram-парақшасынан көшіріп алынған, оның сипаттамасында:«Әзілмен ұсынылған жалған жаңалықтар! Сатиралық контент. Адамдармен және оқиғалармен кез келген сәйкестік- кездейсоқтық» деп жазылған.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында қазақстандықтардың орташа номиналды еңбекақысы 683 432 теңгеге тең екендігі туралы ақпарат жоқ.
Ағымдағы жылдың наурыз айындағы деректер бойынша Қазақстанда орташа еңбекақы 224 715 теңгені құраған.
Желі қолданушылары сатиралық парақшаның жарияланымдарын нақты жаңалық деп бұған дейін де таратқан. Осындайжағдайлар туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.