Манипуляция: «Масканың теріс жағынан алынған жақпадан бактериялар колониялары өсірілді»
Қазақстандықтар Telegram-арналарда Петри тостағанының қорқынышты фотосуретін талқылауда. Суретте масканың теріс жағынан алынған жақпадан өсірілген бактериялар мен саңырауқұлақтар колониялары көрсетілген.
Фотосурет 2020 жылдың қыркүйегінде кеңінен таралды. Сол кезде мамандар бұған қатысты түсініктеме берген болатын. Сент-Джордж және Сазерленд клиникалық мектебінің профессоры Эмад Эль Омар колонияның мөлшері тостағандағы бактериялар ұзақ уақыт өсірілгенін көрсетті. Доктор Ричард И. Дэвис әріптесімен келіседі және фотосуретте бактериялар ғана емес, адамның ауыз қуысы мен тамағына тән емес саңырауқұлақтар да көрсетілгенін айтты. Демек, олар өсірілген материалдың медициналық масканың теріс жағынан алынғаны екіталай.
2020 жылдың желтоқсанында журналистер тәуелсіз тәжірибе жүргізді. Олар өтіп бара жатқан адамдардың маскаларынан жақпалар алып, оны зертханалық жағдайда өсірген. Ең көп бактерия қайта пайдалануға болатын маскалардан алынған үлгіден шыққан, бұл маскаларды жумай кемінде 15 рет киген. Дегенмен, бұл жақпаларда суретте көрсетілгенге қарағанда бактериялар мен саңырауқұлақтар саны аз болған.
Медициналық маскаларда бактериялар мен саңырауқұлақтардың болатынын жоққа шығару мүмкін емес. Біріншіден, адамның бетінде және ауыз қуысында әрдайым микроағзалар көп болады. Әдетте, олар қандай да болмасын ауру тудырмайды және олардың болуы қалыпты жағдай. Маска адам тыныс алғанда бөлініп шығатын бактериялар мен вирустарды ұстап қалуға арналған, сондықтан оны ұзақ уақыт тағып жүргенде микроағзалар жиналады. Алайда, ғалымдар медициналық қызметкерлердің маскаларындағы бактериялар мен саңырауқұлақтардың санын азайту жолдарын зерттеп, әзірлеуде.
Мамандар медициналық маскаларды әр екі-үш сағат сайын ауыстыруға кеңес береді. Қайта қолдануға болатын маскаларды күніне кемінде бір рет сабынмен жуу керек. Бұл шаралар жеке қорғаныс құралдарын таза ұстауға және зиянды микроағзалардың деммен ішке түсуіне жол бермейді.