Фейк: «Жердің климаттық тарихы – ойдан шығарылған»
Қазнетте жер бетіндегі климаттың өзгеруінің тарихы ойдан шығарылған деген теория тарады. Хабарлама авторы өз нұсқасын растай отырып, 1960 жылғы зерттеу нәтижелері Гренландияның мұз қабаты жылына 10 см өсетінін дәлелдеді деп мәлімдейді. Алайда, 1942 жылы қонған ұшақ 58 жылдан кейін 75 метр мұз қабатының астынан табылды. Бұл ғалымдардың алдыңғы есептеулерін жоққа шығарады және олардың климаттық тарихты ойлап тапқандарын дәлелдейді. Бұл теорияны талдап, оның неге шындыққа жанаспайтынын түсіндірейік.
1960 жылдан 1966 жылға дейін Гренландияда зерттеулер жүргізілді, бірақ олардың мұз жамылғысының жыл сайынғы өсуіне қатысы болмады. Ол кезде АҚШ әскері аралда орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды орнату мүмкіндігін зерттеді.
Гренландия мұзына қатысты басқа зерттеулерде мұз жамылғысының жылына 10 см ұлғаюы туралы ештеңе айтылмаған. Керісінше, Кембридж университетінің сайтында 1960-1972 жылдар аралығында аралдағы мұздықтардың еру қарқыны 6%-ға төмендегені жазылған. Ал 1973-2010 жылдар аралығында 13%-ға өсті. Бұл ретте 2010 жылы ең көп еріген.
Жалпы, ғалымдар көбінесе «мұз жамылғысының қалыңдауы» деген ұғыммен жұмыс істемейді, олар «Гренландиядағы мұз жамылғысының массалық тепе-теңдігін» зерттейді, бұл мұздықтардың еруі мен өсуі арасындағы байланысты білдіреді.
Осылайша, теория авторының нақты қандай зерттеу туралы, оны қандай әдістеме бойынша жүргізілгені және оны әлемдік ғылыми қоғамдастық қабылдады ма, белгісіз.
Ал ұшаққа келетін болсақ, оның бар екені рас. Lockheed P-38 Lightning ұшағы 1942 жылы Гренландияға мәжбүрлі түрде қонып, сол жерде қалдырылған. 1990 жылы ол қалыңдығы шамамен 80 метр болатын 265 фут мұз қабатының астынан табылды. Ұшақ қалпына келтірілді және оған Glacier Girl атауы берілді.
Ұшақтың қалың мұздың астында болғаны Гренландияда мұз қабаты жылдам қарқынмен өседі дегенді білдірмейді. Гренландияны жауып тұрған мұз қалқандары қозғалады және өте ірі көлемдегі затты «жаба» алады. Сонымен қатар, Гренландияда мұз еріген қардан пайда болады, ол ұшаққа желмен түсуі мүмкін. Сондай-ақ, ұшақ өз салмағының ауырлығынан аралдың қар-мұз жамылғысына кіріп кетуі мүмкін екенін ескеру қажет. Осы факторлардың барлығы бірге ұшақтың қалың мұз қабатының астында қалуына әкелді.
Гренландия мұз қабаты жылына 1.56 метрге өспейтіндігі қарапайым математикамен дәлелденеді. Бұл мәлімдеме шын болса, арал 1960 жылдан бастап едәуір кеңейіп, биіктігі 93.6 метрге «өсетін» еді. Әрине, мұндай ештеңе болған жоқ.
Демек, таралған теория негізсіз, онда белгісіз зерттеуге сілтеме жасалған және бірқатар маңызды факторлар ескерілмеген. Сондықтан оған сенудің қажеті жоқ.