Фейк: «Көк медициналық маскалар өкпе фиброзын тудырады»
Қазақстандықтар медициналық маскалардың қауіпті болуы мүмкін екендігіне тағы да алаңдауда. Бұл жолы Telegram чаттарында көк медициналық маскалар малынған асбест тәрізді зат туралы хабарлама таратылуда. Хабарлама авторының айтуынша, мұндай қорғаныс құралдарын тағу өкпе фиброзына әкеледі. Бұл манипуляция.
Ақпаратта бұл теорияның «дәлелі» ретінде Planet Today жаңалықтар порталына сілтеме ұсынылған. Мақалада Канадада балабақшалар мен мектептерге жеткізіліп, кейін ақаулы деп танылған медициналық маскалар партиясы туралы айтылады. Бұл бір рет қана болған жағдай. Бір партиямен жеткізілген Metallifer өндірушісінің SNN200642 үлгідегі маскалары ақаулы деп танылды. Бұл маскалардың нарықтағы бетперделерден айырмашылығы -олардың графен жабыны болған. Бұл жаңашылдық маскаларды ылғалға төзімді және зарарсыздандыруға оңай етті.
Дегенмен, шағымдар түскеннен кейін маскалар партиясы түгелдей одан әрі зерттеу және ықтимал тәуекелдерді бағалау үшін алынды.
Манипуляция: «Мектептер мен балабақшаларда улы маскалар таратады»
Ресми дереккөздердің ешқайсысында маскалар асбестке малынған немесе оның бөлшектері бар деп айтылған жоқ.
Бұл жағдай медициналық маскалардың барлығы дерлік қауіпті дегенді білдірмейді. Көптеген маскалар өндірісінде сіңдіру және бүрку үшін графен де, басқа заттар да пайдаланылмайды. Медициналық маскалар арнайы синтетикалық емес мата – спанбондтан жасалады. Ол температура мен ылғалдың өзгеруіне төзімді және химиялық заттармен өңдеуді қажет етпейді.
Сонымен қатар, Қазақстанға Канададан графен жабыны бар жеке қорғаныс құралдары жеткізілмейді. Елімізде медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің сапасына тұрақты бақылау жүргізіледі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 231-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттар өндіруді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасына (GMP) сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған лицензия негізінде жүзеге асырады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер дәрілік заттарды өндіру кезінде тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарын сақтауға міндетті», – деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Пандемия кезінде бетперде тағу – COVID-19 алдын алудың тиімді құралы. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәлелдеді және ұсынды.
Қорыта айтқанда, көк маскалардың барлығы улы екендігі туралы хабарламалар бір ғана жағдайға негізделген манипуляция және тым асыра сілтеу болып табылады.