Негізсіз: «Moderna маймыл шешек ауруына қарсы вакцинаны ол тарала бастағанға дейін әзірлеген»
Telegram мессенджерінде Moderna компаниясы маймыл шешек ауруына қарсы вакциналарды сынақтан өткізе бастағаны туралы жаңалықтар тарады. Пайдаланушылардың пікірінше, фармацевтикалық бизнес алыптары аурудың таралатыны туралы алдын ала білген және жоспарлаған. Бұл олай емес.
Moderna компаниясы маймыл шешекке қарсы ықтимал вакциналарды клиникаға дейінгі кезеңде сынай бастағаны туралы ақпарат 24 мамырда компанияның Twitter-дегі ресми аккаунтында жарияланды. Бұл вакциналардың алдын ала әзірленгенінің белгісі емес. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Біріншіден, мәлімдемеде вакциналар «әлеуетті» деп айтылған, яғни олардың аурудан қорғайтын-қорғамайтыны әлі белгісіз. Екіншіден, екпплер әлі клиникаға дейінгі кезеңде тексеріліп жатыр, яғни ғалымдар зертханалық жағдайда препараттың адамда сынауға дайын екендігін белгілеу үшін фармакологиялық қасиеттерін, қауіпсіздігін, уыттылығын, тиімділігін және басқа да көрсеткіштерін анықтап жатыр.
Ғалымдар вакцинаны «жоқтан» жасаған жоқ, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша маймыл шешек ауруына қарсы кем дегенде 85% тиімді болатын табиғи шешекке қарсы вакцинаны қолданды деген пайымы қисынды.
Қазіргі заманғы технологиялар вакциналарды өте қысқа мерзімде әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Мысалы, COVID-19 қарсы вакциналар SARS-CoV және Mers коронавирустарына қарсы қолданыстағы препараттар негізінде рекордтық мерзімде жасалды.
Сонымен қатар маймыл шешек вирусы жайлы адамзат 1958 жылдан бері біледі және ол жақсы зерттелген.
Ғалымдар осы вирус тудыратын ауруды сипаттаған, дерттің ағымының кезеңдері мен тиімді емдеу әдістері белгілі және адамдарда сыналған.