Дәлелсіз:«Боксшы Марвин Хаглер вакцинаның жанама әсерлерінен қайтыс болды»
Қазақстандықтар бокстан бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Марвин Хаглердің өлімін талқылауда. Спортшы 13 наурызда қайтыс болды. Кейбір хабарламаларда оның вакцинаның жанама әсерінен көз жұмғаны айтылады. Бұған дәлелдер жоқ.
Боксшының дәл осы вакцинадан қайтыс болғаны туралы болжам марқұмның досы Томас Хирнстің сөзіне негізделген.
— Нағыз жауынгер. Король мен оның отбасы үшін дұға етейік. Ол қазір реанимацияда, вакцинаның салдарымен күресуде. Ол қалпына келеді, бірақ біз жағымды энергия жіберіп, дұға етейік, оның сауығып кетуін тілейік! – деп жазды Хирнс өзінің Instagram-аккаунтында.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Хирнстің тағы бір хабарламасы туралы айтылады, онда ол Хаглердің өлімінен кейін вакцинацияға қарсы науқан ұйымдастырмауға шақырады, бірақ Instagram-да бұл хабарлама жойылған.
Алайда, Марвин Хаглердің отбасы вакцинацияға байланысты және боксшының реанимацияда болғаны туралы ештеңе айтпаған. Спортшының ресми сайтында оның Нью-Гэмпширдегі үйінің жанында табиғи себептермен қайтыс болғаны жазылған.
Спортшының ұлы Джеймс әкесі кеуде қуысының ауырсынуы мен тыныс алу проблемаларына байланысты шұғыл ауруханаға жатқызылғанын және шамамен төрт сағаттан кейін көз жұмғанын мәлімдеді.
Марвин Хаглердің қайтыс болуының ресми себебі айтылған жоқ. Боксшының COVID-19 қарсы вакцинаның жанама әсерлерінен өлгеніне ешқандай дәлел жоқ.
Хаглер бокс тарихындағы орта салмақтағы ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі. Ол орта салмақтағы WBC әлем чемпионы (1980-1987), орта салмақтағы WBA әлем чемпионы (1980-1987), орта салмақтағы IBF әлем чемпионы (1983-1987). The Ring журналының 1983 және 1985 жылғы нұсқасы бойынша «Жыл жауынгері» атанды. 1993 жылдан бастап Халықаралық бокс даңқ залының (IBHOF) мүшесі, 1992 жылдан бастап Әлемдік бокс даңқ залының (WBHOF) мүшесі.