Фейк: «Лондондағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты пандемияны болжады»
Қазнет қолданушылары 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты COVID-19 пандемиясы болатынын болжады деген теорияны талқылауда. Медбикелер биі мен кейбір қазақстандықтар Өлім деп қабылдаған қара мантиядағы үлкен қалықтаған тұлға осындай ойлардың тууына түрткі болды. Шын мәнінде, Олимпиаданың ашылу салтанатының пандемияға, өлімге және оккультизмге ешқандай қатысы болған жоқ.
Пандемия «болжамы» туралы теория алғаш рет өткен жылдың мамыр айында Желінің ағылшын тілді сегментінде тарады. Сол кезде оны тәуелсіз фактчекерлер жоққа шығарған болатын.
Осыған қарамастан, орыс тілді пайдаланушылар оны орыс тіліне аударып алды, кейіннен теория Казнетке «ауысты». Дегенмен, бұл шындық емес.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты сценарийінің авторы және режиссері «28 күннен кейін», «Жағажай» және т.б. фильмдердің авторы, Оскар сыйлығының иегері Дэнни Бойл болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, рәсімнің бір бөлігі «Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметіне және оның таңғажайып балалар әдебиетіне құрмет көрсетуге» арналған. Қойылымның басында Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (NHS) дәрігерлері мен медбикелерінің және бутафориялық төсек-орындарды батут ретінде пайдаланған балалар-пациенттердің биі көрсетілді. Содан кейін сахнаға сиқыршы Гарри Поттер туралы кітаптар сериясының авторы Джоан Роулинг шықты. Ол Дж. М. Барридің «Питер Пэн» классикалық шығармасынан үзінді оқыды. Осы кезде кітаптағы жағымсыз кейіпкерлер – «Питер Пэндегі» капитан Крюк, «101 Далмат күшігі» шығармасынан Стервелла ДеВилль, «Алиса ғажайыптар әлеміндегі» құрттар патшайымы балалардың төсектеріне жақындай бастайды. Желі қолданушылары Денсаулық сақтау жүйесі биін сүйемелдеген Өлім, Шайтан және «дирижер» деп қабылдаған үлкен ұшатын фигура іс жүзінде Лорд Волан-де-Морт, Гарри Поттер сериясындағы басты зұлым адам.
Сахналық қойылым «Мэри Поппинс» бала күтушілері отрядының шығуымен аяқталды, олар қолшатырмен көктен түсіп, балалардың қорқынышын жояды.
Демек, ағылшын авторларының балалар шығармаларындағы кітап кейіпкерлерінің суреттері пандемияны болжамаған. Сонымен қатар, олар 2012 жылы шоу сценарийі жазылған кезде COVID-19 туралы бейхабар болды, өйткені ауру қоздырғышы SARS-CoV-2 вирусы 2019 жылдың соңында ғана ашылды.