Fake News

Фейк: «Көздің ішкі тор қабығы мен нұрлы қабықшаны сканерлеу емделмейтін көз ауруларын тудыруы мүмкін»

Instagram әлеуметтік желісінде пайдаланушылар көз биометриясының зияны туралы айтылған видеосын таратуда. Көздің ішкі тор қабығы мен нұрлы қабықшаны сканерлеу емделмейтін көз ауруларын тудыруы мүмкін, тіпті адам көрмей қалуы ықтимал. Бұл мәлімдемелердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін анықтайық.

Көзді биометриялық тексерудің екі әдісі бар: көздің ішкі тор қабығы мен нұрлы қабықшаны сканерлеу. Торлы қабық – бұл көздің ішіндегі бөлік. Ондағы қан тамырларының суреті әр адамда ерекше, сондықтан жеке тұлғаны анықтауға болады. Нұрлы қабықша – көздің қарашығын қоршап тұрған түрлі-түсті бөлік. Мұқият қарағанда, оның көптеген дөңгелектерден тұратынын және әр адамға тән рельеф болатынын көруге болады. 
Көз торын сканерлеу идеясы 1935 жылы пайда болды. Сканерлеуге патент пен құрылғының алғашқы коммерциялық моделі 1981 жылы дайын болды. Ол келесі принцип бойынша жұмыс істеген: инфрақызыл сәуле көзге қарашық арқылы еніп, торлы қабықты жарықтандырады және оған енетін тамырлардың үлгісін оқуға мүмкіндік берді. Бүкіл процедура 30 секундтан аспайды. Мұндай технология зиянсыз және бұрын глаукоманы диагностикалау үшін офтальмологияда қолданылған. Қазіргі заманғы торлы сканерлер осындай принцип бойынша жұмыс істейді және дәрігерлердің бағалауынша көзге зиянсыз. 
Көз торын сканерлеуді, мысалы, 1990 жылдардан бастап ФТБ, ОБҚ, NASA және басқалары қолданады. Осы уақытқа дейін қызметкерлер кенеттен пайда болған көз ауруларына шағымданбаған.
Нұрлы қабықшаны сканерлеу сәл басқаша жүргізіледі. Қазіргі заманғы құрылғыларда, мысалы, смартфондарда олар күңгірт жарықтандырылған жоғары контрастты монохромды камералар түрінде болады. Ол көздің бірнеше егжей-тегжейлі суретін түсіріп, олардың ішінен автоматты режимде ең айқынын таңдап, талдайды.

Бұл ретте көзге ешқандай әсер болмайды, сондықтан көру қабілетіне зиян жоқ.
Таралған роликте «көз – бұл мидың сыртына шығарылған бөлігі» делінген. Бұл мәлімдеме мүлдем дұрыс емес. Көз бен ми – бұл әртүрлі жасушалар мен ұлпалардан тұратын, құрылымы әртүрлі және әртүрлі қызметтер үшін жауап беретін әртүрлі органдар. Мәселен, ми 60% майлардан тұрады, адам ағзасының барлық функцияларын бақылайды және сезім мүшелерінен алынған ақпаратты өңдейді. 
Көз – сол сезім мүшесі. Бұл жарық сәулелерін көз торына өткізетін мөлдір шыны тәрізді денесі бар шар. 
Мұның бәрі видеода көрсетілген ақпараттың дұрыс емес екенін және ішінара ғылымға қарсы екенін көрсетеді. Көз торын және нұрлы қабықшаны сканерлеу аурудың дамуына және көру қабілетінің жоғалуына әкелмейді, ал көз мидың «сыртында» орналасқан бөлшектер емес.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button