Билл Гейтс вакциналау нәтижесінде 700 мың адам зардап шегеді деп айтпаған
Қазақстандықтар Билл Гейтс COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудан бүкіл әлем бойынша 700 мың адам көз жұмады және мүгедек болып қалатыны туралы айтқан бейне сұхбатты талқылауда. Шын мәнінде, ол мұндай мәлімдеме жасамаған.
Қазнетте талқыланып жүрген видео – Гейтстің CNBC арнасына берген сұхбатынан алынған үзінді. Шығарылым пандемияға, вакциналар әзірлеу жұмысына және олардың жанама әсерлеріне арналған болатын. Ол алғаш рет 2020 жылдың сәуірінде көрсетілген.
Егер 10 000 адамның біреуінде жанама әсерлер болса, әлем бойынша шамамен 700 000 адам вакциналаудың салдарына тап болады, дейді Майкрософт компаниясының негізін қалаушы. Бұл ретте Билл Гейтс жанама әсерлердің қаншалықты ауыр болатыны және вакциналар өлімге немесе мүгедектікке әкелуі мүмкін екендігі жайлы айтпаған. Сұхбат жазылған кезде ешқандай вакцина клиникалық сынақ кезеңіне өткізілмегенін және дәрі-дәрмектің жанама әсерлері мен олардың тиімділігі әлі белгісіз болғанын атап өткеніміз жөн. Гейтс айтқан көрсеткіштер дәл немесе зерттеуге негізделген деректер емес, тек болжам ғана.
Қазіргі кезде COVID-19 қарсы бірнеше вакцина клиникалық сынақтан өтті. Олардың барлығы жоғары тиімділік деңгейін көрсетті.
Ең жиі кездесетін жанама әсерлердің қатарында инъекция орнының қызаруы, ісіну, аздап ауырсыну және дене температурасының көтерілуі бар.
Қорыта айтқанда, Гейтстің вакциналар аса қауіпті және жүздеген мың адамды өлтіруге бағытталған деп «айтқаны» туралы мәлімдеме – манипуляция. Миллиардер бұл туралы айтпаған, ол дәрі-дәрмектің тиімділігі жайлы пікірін жеткізген. Ал келтірілген көрсеткіштер – нақты деректер емес, болжам ғана.