Қазақстандықтар бір-бірін чиптеумен және мәжбүрлі вакцинациялаумен қорқытуда
What’aApp мессенджерінде қазақстандықтар 30 қаңтардан бастап елімізде COVID-19-ға қарсы мәжбүрлі вакцинация басталатыны және вакцинаның әрбір дозасымен адамдарға чиптер енгізілетіні туралы аудиохабарлама таратуда. Хабарлама авторлары осындай шараларға наразылық білдіруге шақырады. Бақытымызға орай, бұған қажеттілік жоқ, өйткені бұл хабарламалар – фейк.
Қазақстанда мәжбүрлі вакцинациялау, әсіресе чиптеу жоқ.
– Қазақстан Республикасында кез келген вакцинация егілушінің келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинация міндетті емес. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы кез келген медициналық манипуляциялардан, оның ішінде вакцинациядан бас тартуға құқылы.
Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинациялауда адамдарды чиптеу қарастырылмаған. Екпе алмас бұрын әр адам вакцинаның құрамы туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен танысуға құқылы, – деп хабарлады ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Сондай-ақ ведомство қазақстандықтарды күмәнді дереккөздерден тараған ақпаратқа сенбеуге шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауаптылық қарастырылғанын еске салады. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, осындай бұзушылық үшін 1000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.
Бұған дейін StopFake.kz COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысты адамдарды чиптеу туралы мифтерді жоққа шығарған болатын.