ІІМ «ресейлік мигранттар» туралы видеоға қатысты түсініктеме берді
«Жесть дня» Telegram-арнасында Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соғудың видеосы жарияланды. Зардап шегуші – Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал шабуылдаушылар – Қазақстан азаматтары екен. Видео бойынша жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған. ҚР ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
– Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізуде. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ, – деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Бұл кадрларды Қазнет пайдаланушылары да талқылауда. Мысалы, блогер Ұлан Әбішев ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған бұл видеоны қойылым деп санайды.
– Түрлі ақпараттың, фейктердің көп таралуы, сайттарға жасалған DDoS -шабуылдар – біреулер Қазақстанға қатысты ақпараттық науқан жүргізіп жатқанға ұқсайды,- деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.