Фейк: «Оқушыларға ата-аналарымен жылына алты рет қана көрісуге рұқсат етіледі»
Белгілі қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде 2024 жылдан бастап елімізде БҰҰ мектептері ашылады, онда балаларды бес жастан бастап қабылдайды және оларға ата-аналарымен жылына екі рет үш күннен ғана кездесуге рұқсат етіледі деген ақпарат шықты. Бұл жалған.
ҚР Білім және ғылым министрлігі осыған қатысты түсініктеме берді.
– Біз бұл ақпаратты растамаймыз, – деп хабарлады ведомстводан.
Бұқаралық ақпарат құралдарында да, ресми порталда да осындай БҰҰ мектептерінің ашылатыны туралы ақпарат болған жоқ. Сонымен қатар, әлемде балаларды жылына алты күнге ғана жіберетін мектептер жоқ.
Әр түрлі мемлекеттерде заманауи мектептерде БҰҰ моделі қолданылады. Бұл білім беру стандарты емес, балалар әр түрлі мемлекеттердің өкілдері, БҰҰ хатшылары, журналистер және т.б. болатын рөлдік ойын.
Демек, екі жылдан кейін Қазақстанда балаларды бес жастан қабылдап, ата-аналармен жылына алты күн ғана көрісуге рұқсат ететін БҰҰ мектептері ашылады деген ақпарат фейк.