Дәлелденбеген: «Кыст-аль-хиндиді шегу суық тиюді емдейді»
Қазақстандықтар интернетте суық тиюді емдеу бойынша кеңестерімен бөлісуде. Пайдаланушылар дәстүрлі емес медицинада қолданылатын сирек кездесетін өсімдік – кыст-аль-хинди ұнтағын шегуді ұсынады.
Кыст-аль-хинди немесе costus speciosus – шығыс медицинасында тамыры дәрі ретінде қолданылатын кактус түрі. Өсімдіктің антисептикалық қасиеттері бар. Желі қолданушыларының айтуынша, ол салмақ түсіруге, бедеулікті емдеуге, паразиттердің барлық түрлерінен арылуға және қатерлі ісікпен күресуге көмектеседі.
Биыл көктемде пандемия басталғанда қазақстандықтар кыс әл-хиндиді кеңінен қолдана бастады. Халық COVID-19 алдын алу мақсатында өсімдік тамырын жаппай шеге бастады. Бірақ дәрігерлер мұндай шараларға күмәнмен қарады.
– Бұл шөп – керемет хош иісті зат және кеңістікті зарарсыздандырады, сондықтан адыраспанмен бірге кеңінен қолданылды. Бірақ басқа препараттар секілді кыст-аль-хинди де зиянды болуы мүмкін. Өйткені ауыз суды да артық қолданып қоюға болады, – деді профессор, химия ғылымдарының докторы Дияс Мырзақожа Tengrinews.kz-ке.
Кыст-аль-хиндиден жасалған ұнтақтар, майлар мен капсулаларды жарнамалайтын сайттардың көптігіне қарамастан, желіде өсімдіктің тиімділігін дәлелдейтін ақпарат өте аз. Costus arabicus сығындысының несеп-тас ауруы кезінде шамалы оң әсері барын көрсететін зерттеу нәтижелері бар. Өсімдіктің сабағы мен жапырағының этанол және метанол сығындылары бірқатар бактерияға қарсы қасиеттерге ие. Бірақ өсімдік тамырының ұнтағын шегу вирустық ауруларды емдейтініне ешқандай дәлелдер жоқ.
Желіде «кейбір адамдардың оны көтере алмаудан» басқа қарсы көрсеткіштер туралы айтылмайды.
Сондай-ақ, кыст аль-хинди деген атпен өсімдіктердің бірнеше түрі сатылатындығын атап өткеніміз жөн. Бұған Costus speciosus – жойылып кету қаупі бар өсімдік түрі және ол өсетін Қытай мен Үндістаннан оны тыс жерлерге әкетуге тыйым салынуы себеп болуы мүмкін. Кейбір өндірушілер кактустың кейбір пайдалы қасиеттерінің жоғалатынын жасырмай, оларды жылыжайда өсіреді.
Қорыта айтқанда, кыст-аль-хиндиді, басқа өсімдіктерді шегудің суық тиюге немесе басқа ауруларға қарсы күресте тиімді екендігі дәлелденбеген. Бұлай емделу қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ, кыст аль-хинди деп көп жағдайда басқа ұқсас өсімдіктер сатылады.