Бүгінде инвестиция туралы жиі айтылып жүр. Блогерлер де сөз қозғап, танымал онлайн-журналдар да жазады, тіпті танымал саясаткерлер мен кәсіпкерлер де ақша салуға және кепілдендірілген пайда табуға шақырады. Кімге сенуге болады, ал кімнен сақтану керек? Мақаламыздан оқыңыз.
Кез келген іздеу жүйесінде «Инвестиция» сөзін тергенде мыңдаған нәтиже шығады, олардың басым бөлігінде қандай да бір инвестициялық бағдарламалар мен платформалар жарнамаланған. Мұның бәрін оқып, шатасып қалмай алаяқтарды бірден тану үшін не істеу керектігін айтып береміз.
Жарнамалардың «қызыл жалауы»
– Сізді әлеуметтік желілер арқылы инвестициялауға шақырады
Әлеуметтік желілерде инвестициялық бағдарламалардың жарнамасын орналастыру – бұл ойланарлық жағдай. Әдетте, мұндай мазмұндағы жарнамалық блоктарды алаяқтар жариялайды. Жарнамалық баннер өте сенімді болып көрінгенімен, онда көрсетілген ақпаратты қайта тексерген жөн. (Мұны қалай істеуге болатыны туралы төменде баяндаймыз).
– Жарнамалық роликке танымал саясаткер, ірі кәсіпкер, миллиардер немесе әлемге әйгілі тұлға түскен
Шын мәнінде, жоғарыда аталған адамдардың барлық санаттарында әлеуметтік желілерде түсініксіз инвестициялық бағдарламаны айтпағанда, жалпы бірдеңені жарнамалайтындай қажеттілік жоқ. Егер танымал тұлғаның қандай да бір бағдарламаның жарнамасына түскені туралы Желіде айтылмаса, бұл видео жасанды интеллектінің көмегімен жасалған, ал ондағы атақты адамның бет-әлпеті дипфейк деп бірден айтуға болады.
– Жарнамада белгілі брендтің атауы аталады, бірақ ол үшінші тарап ресурсында орналастырылған
Алаяқтар пайдаланушылардың сеніміне кіру үшін беделді компания жасаған бағдарламаға инвестиция салуға шақыру үшін танымал брендтердің атын жиі пайдаланады. Әдетте, қаскүнемдерді мұндай хабарландырулардың аталған компаниялардың ресми сайттарына немесе олардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына қатысы жоқ үшінші тарап ресурстарында жариялануына қарап анықтауға болады.
– Аз ғана ақша салып, қомақты төлемдер алуға кепілдік беру
Кез келген инвестицияға ақылмен қарау керек. Салым сомасы қысқа мерзімде екі немесе үш есе артады деп ойлауға болмайды. Бірде-бір брокер мұндай уәде мен кепілдік бермейді. Сонымен қатар, инвестициялық қорлар мен басқарушы компанияларға болашақ инвестициялық қызметтің кірістілігіне кепілдік беруге заңмен тыйым салынған. Бұл туралы «Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы» Заңның жетінші тарауында айтылған.
Жарнаманы қалай тексеруге болады
– Оған атақты тұлға түссе
Алдымен іздеу жүйесіне атақты адамның аты-жөні мен ол жарнамалап тұрған заттың атауын жазыңыз. Біреу тексеріп, нәтижесін Желіге салған болар. Егер бұл әдістен түк шықпаса, роликте дипфейктің қолданылуын тексеріңіз. Ол үшін deepfakedetector.ai қызметін немесе осыған ұқсас кез келген басқа бағдарламаны пайдаланыңыз.
– Егер танымал бренд туралы айтылса
Ең оңай жолы – аталған компанияның ресми сайтына кіріп, оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарын тексеру. Әдетте, беделін бағалайтын брендтер өздерінің платформаларында алаяқтар туралы хабарламалар жариялап, клиенттерін заңсыз схемалары туралы ескертеді.
– Егер сенімді болып көрінсе
Бұл жағдайда да Желіден іздеп көру керек. Іздеу жүйесінің жолына инвестиция салуды ұсынып отырған компанияның атауын, сондай-ақ осы атау мен «алаяқтар» сөзін теріп жазыңыз.
Брокердің сенімді екенін және заңды түрде жұмыс істейтінін қалай түсінуге болады
Біріншіден, инвестициялық бағдарламаны ұсынатын компанияның Қазақстан Республикасында алған лицензиясы болуы керек. Ол болмаса, компанияның еліміздегі қызметі заңсыз болып табылады.
Екіншіден, брокер ҚР Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың тізбесінде көрсетілуге тиіс. Оны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында тексеруге болады.
Үшіншіден, брокердің немесе инвестициялық бағдарламаны ұсынған компанияның өз сайты және әлеуметтік желілерде ресми парақшалары болады. Онда бағдарлама туралы толық ақпарат алып, ешқандай жарналар мен салымдар жасамай-ақ өзіңізді мазалаған сұрақтарыңызды қоя аласыз.
Осы қарапайым нұсқаулар онлайн алаяқтарды тануға және ақшаңызды сақтап қалуға көмектесе алады. Мұқият болыңыз және ақылмен инвестициялаңыз!