ПТР-тестілеудің қауіптілігі туралы фейктер
Қазнет қолданушылары ПТР-тестілеудің зияны туралы жалған хабарламалар таратуды жалғастыруда. Хабарлама авторларының айтуынша, биоматериал алу үшін мақта зондының көмегімен миға зақым келтіруге, 5G сигналдары арқылы сананы басқаратын металл қапсырмаларды енгізуге немесе микрочипті имплантациялауға болады. Мұның бәрі жалған мәлімдемелер.
Біріншіден, ПТР талдау алу үшін зондпен гематоэнцефалдық тосқауылды зақымдау мүмкін емес. Бұл анатомиялық тұрғыдан мүмкін емес. Мұрын қуысы гематоэнцефалдық тосқауылдан бұлшық ет қабатымен және сүйекпен бөлініп тұр. ПТР тестілері арқылы миды зақымдау теориясын ғалымдардың көбі, соның ішінде Джон Хопкинс университетінің медицина доценті, доктор Морган Катц та жоққа шығарды.
«Мақта гематоэнцефалдық тосқауылға жақындау үшін бұлшық ет пен фасция қабаттарынан, сондай-ақ бас сүйегі секілді қалың сүйектің түбінен өтуі керек. Мен бұл мүмкін емес деп айтар едім», – деп жазады Associated Press Морган Катцтың сөздеріне сілтеме жасап.
Мұрын қуысынан алынатын жақпа – талдау алудың жаңа түрі емес. Биоматериал жинаудың бұл әдісі өткен ғасырдың басында қолға алынған. Бұл әдістемені қолдану тарихында тест нәтижесінде гематоэнцефалдық тосқауылды зақымдаудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.
Екіншіден, ПТР арналған зондтардың ұшындағы металл қапсырмалар туралы жалған ақпараттың да негізі жоқ. Мұндай биоматериал алуға ұсынылған құралдарда металл бөлшектері болмайды. Сонымен қатар, қапсырма немесе металдан тұратын басқа зат интернет сигналдарын қабылдай алмайды және адамның ақыл-ойын басқара алмайды.
Үшіншіден, мақта зондымен биоматериал алу процедурасы кезінде электронды чип енгізу мүмкін емес. Адамзат әлі көзге көрінбейтін кішкентай чиптер ойлап тапқан жоқ. Қазіргі кездегі ең кішкентай наночиптің ұзындығы небәрі 5 нанометр. Ол ақпараттың тек бір бөлігін ғана қабылдайе алады, яғни екілік есептеу жүйесінде нөл немесе бірлік бола алады. Ол өздігінен жұмыс істей алмайды және тек транзистор болып табылады. Демек, оны біреуге енгізу мүлдем мағынасыз.
Бұл ПТР тестілеу мен 5G форматындағы байланыс арасында ортақ ештеңе жоқ екенін дәлелдейді. ПТР сынақтары қауіпсіз, тиімді және ДДСҰ ағзада Sars-coV-2 вирусының болуын анықтаудың ең сенімді әдісі ретінде ұсынады.
Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.