Фейк: «Сумен жүретін машинаны жасаған адам уланған, ал оның өнертабысы осы күнге дейін жасырылуда»
Instagram-да сумен жүретін көлікті ойлап тапқан адам туралы жазылуда. Ол ашқан жаңалық туралы алдымен кеңінен жарияланған, бірақ кейіннен айтпай қойған екен. Бірнеше жылдан кейін революциялық технологияны жасаушы өлтірілген, ал оның өнертабысы жұмысының нақты механизмі осы күнге дейін құпия болып қалуда. Бұл рас па? Материалымыздан оқыңыздар.
Бензиннің орнына сумен жүретін көлік – талай өнертапқыштың арманы. Олардың кейбірі осындай машинаны жасамақ та болған. Өнертабыс электролиз принципі бойынша жұмыс істеуі керек еді. Яғни, су молекулалары сутегі мен оттегіге бөлініп, газ тәрізді қоспаға айналады. Экспериментаторлардың идеясына сәйкес, бұл механизмді қозғалысқа келтіруге тиіс болатын.
Алайда, іс жүзінде бұл оңай емес. Су молекуласы өте тұрақты және оны компоненттерге бөлу үшін әлдеқайда көп энергия қажет. Яғни, мұндай су қозғалтқышы жұмсайтын энергия өндірілгеннен гөрі көп болады. Сонымен қатар су молекуласын бөлу процесінде бөлінетін сутегі тез тұтанғыш болып, күшті жарылыс тудыруы ықтимал, бұл мұндай көліктің жүргізушісіне үлкен қауіп төндіреді.
1975 жылы америкалық Стэнли Мейер жоғарыда сипатталған барлық мәселелерді шешіп, сумен жүретін автомобиль ойлап тапқанын айтады. Әрине, бәрінің назары Мейерге және оның өнертабысына ауады. Көліктің сумен жүретініне нақты дәлелдер болмаса да, америкалық жігіт өз жобасына біраз инвестиция тарта алды. Осыдан кейін сарапшылар көлікті зерттеу туралы шешім қабылдайды. Алайда, Мейер соңғы сәтте сылтау тауып, өнертабысын көрсетпей қояды. Мұның бәрі қоғамда күмән тудырып, 1966 жылы Майерді алаяқтық жасағаны үшін сотқа береді. Процесс барысында «жасалған» механизм мүлдем бірегей жоба емес, сол кезде әлемге белгілі болған ең көп таралған электролиз екендігі дәлелденді. Демек, оның көлігі басқа «су» машиналарымен бірдей технологиямен жасалып, айтарлықтай кемшіліктері болған.
Өнертапқыш 1998 жылы қайтыс болды. Соңғы күндері марқұмның жанында болған ағасы Стэнли Мейердің соңғы сөзі «олар мені улады» болды дейді. Денені тексеру нәтижесінде улану белгілері табылмады, бірақ өлімге аневризма себеп болғанын анықталды.
Дегенмен, кейбір пайдаланушылар медициналық сарапшылардың ресми тұжырымдарына сенбей, Мейерді белгісіз бельгиялық инвесторлар өлтірді деген қауесет тарата бастады. Бұл теорияны растайтын, тікелей және жанама дәлелдер болған жоқ.
Мейердің «өнертабысын» ешкім жасырмаған және жасырып жүрген жоқ. Оның көлігіне берілген патент баршаға қолжетімді және мерзімі өтіп кеткендіктен, сипатталған технологияны кез келген адам қайталай алады. Бұған қарамастан, осы уақытқа дейін ешкім Мейердің «жетістігін» қайталап, сумен жүретін көлік жасап шығармаған.
Қорыта айтқанда, біріншіден, жұмыс істейтін және пайдалануға болатын сумен жүретін көлік жасалған жоқ. Екіншіден, Стэнли Мейер өз заманының данышпаны емес, алаяқ және ол қасақана улану салдарынан емес, табиғи себептермен қайтыс болған. Үшіншіден, Мейер көлігінің толық сипаттамасы, жұмыс механизмі және оны құрастыру үшін қажетті барлық сызбалар баршаға қол жетімді, бірақ оларға қарап, сумен жүретін машина жасау мүмкін емес.