Вирустар – өлі жасушалар ДНҚ-ның қалдықтары – манипуляция
Қазақстандық пайдаланушылар танымал Telegram-арналарда вирустардың адам ДНҚ қалдықтарынан қалыптасатыны туралы хабарлама таратуда. Хабарлама авторы өзінің вирусолог емес екенін ескертеді және вирустар өлі адам жасушаларынан «қалыптасады» деген болжам жасайды. Бұл – манипуляция.
Шындығында, ғылым вирустардың жеке биологиялық түр екенін дәлелдеді. 1892 жылы орыс биологы Дмитрий Ивановский ауру жұқтырған темекі жапырақтарының сығындысы бактериялар жойылғаннан кейін де инфекциялық қасиеттерін сақтайтынын анықтады. Ал 1893 жылы Фридрих Леффлер мен Пол Фрош жануарлардың алғашқы вирусын — аусыл тудыратын афтовирусты тапты.
Қазіргі ғылымда вирус «тіршіліктің жасушалық емес формалары» ретінде анықталады.
Олардың пайда болуының негізгі үш теориясы бар, бірақ осы күнге дейін ешқайсысы дәлелденбеген және жалғыз дұрыс деп анықталмаған.
Регрессивті гипотеза вирустар гендердің бір бөлігін жоғалтып, кішкентай паразит жасушалардан пайда болады дегенге негізделеді.
Жасушалық қалыптасу гипотезасы кейбір вирустар ірі организмдердің геномдарынан босатылған ДНҚ немесе РНҚ фрагменттерінен пайда болуы мүмкін деп болжайды.
Коэволюция гипотезасында вирустар Жер бетінде тіршілік пайда болған кезде ақуыздар мен нуклеин қышқылдарының өзара әрекеттесуінің нәтижесінде пайда болды делінген.
Қазіргі кезде көптеген сарапшылар вирустар – бұл жасушалық өмірді үшке – археялар, бактериялар мен эукариоттарға бөлгенге дейін біздің планетамызда пайда болған ежелгі организмдер деп санайды.
Демек, вирустар адам ағзасындағы жасушалардың өлуі нәтижесінде пайда болатыны туралы мәлімдеме ғылыми емес және оның пайдасына айғақты дәлелдер жоқ.