Фейк: «Үкімет су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға 22 млн теңгеден төлейді»
Қазақстандықтар Президент су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйлер салуға 22 млн теңге төлеуді тапсырды деген қауесет таратуда. Бұл жалған.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«Су тасқынынан зардап шеккендерге 22 млн теңгеден төленетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ел Үкіметі су тасқыны салдарынан қираған әрбір үйдің құрылысына 22 млн теңгеден жұмсауды жоспарлап отыр. Мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатқан эскиздік жобаға сәйкес, бұл ауданы 80 шаршы метр болатын бір тұрғын үйдің құны. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға тұрғын үй салу үшін бөлінеді», – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева.
Бұған дейін Желіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы ақпарат тараған болатын. Ведомство өзінің ресми порталында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға материалдық көмек көрсетілуде. Төлемдер жергілікті әкімдіктерден төленеді. Әрбір өңірде төлем мөлшері келтірілген материалдық залалды бағалаумен айналысатын арнайы комиссиялармен белгіленеді.