Фейк: «ПТР-тестілер өткір фазадағы кез келген ЖРВИ-ді анықтайтындықтан тиімсіз болып табылады»
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандықтар дәрігер Тамара Ахметжанованың COVID-19 диагностикалау әдістері туралы айтқан сұхбатымен бөлісуде. Доктордың айтуынша, ПТР тест ЖРВИ тудыратын барлық вирустарды анықтайтындықтан дұрыс емес болып табылады. Бұл жаңсақ пікір.
ПТР сынақтары COVID-19 анықтау үшін арнайы әзірленген. Олар SARS-CoV-2 вирусының РНҚ-ны анықтайды және басқа қоздырғыштарға жауап бермейді. ПТР тесті ізделіп отырған вирусты РНҚ үлгісінен анықтауға және оны бірнеше мәрте көбейтуге негізделген. Егер биоматериалда қажетті вирустың РНҚ болмаса, онда реагент компоненттерінде «көбейтетін» ештеңе болмайды және реакция жүрмейді. Австралиялық вирусолог Ян Маккей өзінің Twitter-дегі парақшасында ПТР тесттің әр кезеңде қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі жазған.
Егер ПТР талдау тапсыру кезінде адам тұмаумен немесе басқа вирустық аурумен ауырса, тіпті ауру өткір фазада болса да, бұл тест COVID-19 бойынша оң нәтиже көрсетпейді.
Дәрігердің айтуынша, SARS-CoV-2 коронавирусына антиденелерді жедел тексерудің ғылыми мәні жоқ, өйткені вирустың өзі оқшауланбаған, демек, ағзада оған қарсы қалыптасқан антиденелерді анықтау мүмкін емес.
Бұл тұжырым тұтастай жалған, өйткені Sars-CoV-2 вирусы оқшауланған және оның геномы 2020 жылы қаңтар айында толығымен ашылды. Бүгінде геномның анықтамасы мен вирустың микроскоппен түсірілген фотосы желіде қолжетімді.
ПТР тестілеу әдісі сенімді әрі COVID-19 дәл анықтайды. ДДСҰ және АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бұл ауруды диагностикалау үшін нақ осы талдау әдісін ұсынуда.
Демек, дәрігердің пікірі ғылыми дәлелденген фактілерге қайшы келеді.
Бұған дейін біз ПТР тестілеу әдісінің тиімсіздігіне қатысты фейктерді жоққа шығарған болатынбыз.
Фейк: «ДДСҰ ПТР тестілерін сәтсіз деп таныды, өйткені олар тым көп оң нәтиже береді»