Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналардан бір жылда 2 миллионнан астам адам қайтыс болды»
Қазнетте ДДСҰ-ның ресми деректері бойынша 2020-2021 жылдары COVID-19-ға қарсы вакциналардан 2 457 386 адам қайтыс болды деген фейк тарады. Бұл өтірік. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Әр түрлі препараттар мен вакциналардың атауларына қарама-қарсы сандар көрсетілген кестенің суреті, хабарламада айтылғандай, «ДДСҰ-ның вакциналардан болатын өлім-жітімге жауабы» емес.
Шын мәнінде, кестеде дәрі-дәрмек пен вакциналардан болатын барлық жағымсыз реакцияларды бақылайтын VigiAccess базасындағы мәліметтер ұсынылған. Кестенің өзінде өлім-жітім туралы ештеңе айтылмаған. Ондағы бағандар «Вакцина немесе дәрі-дәрмек атауы», «Жағымсыз реакциялардың жалпы саны» және «жылдар» деп аталады.
Сондай-ақ, кестенің өзін ресми тұлғалар емес, Желі қолданушылары жасағанын атап өткеніміз жөн. Бұл туралы VigiAccess басқаратын Упсала мониторинг орталығынан хабарлады.
«Өкінішке орай, соңғы кездері әлеуметтік желілерде адамдарды шатастыратын жолдармен таратылған осы мемнің түрлі нұсқаларын көрдік. UMC бұл кескінді Упсала мониторинг орталығының да, ДДСҰ-ның да жасамағанын растай алады», – деді Орталық өкілі Reuters-ке.
Сонымен қатар, орталықтағылар жүйеде тіркелген қандай да бір препаратқа ықтимал жағымсыз реакциялар саны препараттың қауіпті немесе қауіпсіз екенін растауға себеп бола алмайтынын жеткізді. Ақпарат VigiAccess жүйесіне келіп түскеннен кейін оған ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, мұқият тергеу жүргізіледі. Бұл сырқаттың препараттан болғанын немесе басқа жағдайлардың салдарынан туындағанын түсіну үшін қажет.
Осылайша, таратылған кестеде, біріншіден, COVID-19 қарсы вакцинациялау нәтижесінде екі миллионнан астам адамның өлімі туралы ақпарат жоқ, екіншіден, оны ДДСҰ қызметкерлері дайындамаған, үшіншіден, бұл COVID-19 қарсы вакциналар денсаулыққа қауіпті дегеннің белгісі емес.