Fake News

Дәлелсіз: «Онкологияны халықтық әдістермен емдеуге болады»

Қазнетте қатерлі ісік ауруын емдейтін қырыққабаттан жасалатын тұздықтың видео рецептісі тарады. Бұл рецептіге сенбеңіздер, ол қатерлі ісік ауруын емдемейжі. Неге екенін айтып берейік.

Тұздық әртүрлі шөптен жасалады: ақжелкен, пияз, аскөк, кинза, сондай-ақ сарымсақ, қара зире майы, алма сірке суы, лимон шырыны және басқа да дәмдеуіштер. Әр ингредиентті бөлек талдап шығайық.

Қырыққабат

Америкалық онкологиялық зерттеулер институтының хабарлауынша, қою жасыл жапырақты көкөністерде каротиноидтар деп аталатын табиғи органикалық пигменттер бар. Олар антиоксиданттар ретінде әрекет етеді және ағзаның өзіндік қорғанысын арттырады. Мұндай көкөністің бірі қырыққабат. Каротиноидтар бос радикалдардың ДНҚ-ны зақымдауына жол бермейді, бұл қатерлі ісікке әкелуі ықтимал.

Сонымен қатар, қырыққабатта канцерогендермен күресетін С дәрумені көп. Тағамдық талшықтары бар тағамдар колоректальды қатерлі ісік қаупін төмендететіні дәлелденген. Крахмалды емес көкөністер жемістермен бірге ауыз қуысы, жұтқыншақ және көмей, сондай-ақ өңеш, өкпе, асқазан қатерлі ісігінің даму қаупін төмендетеді. Бірақ зерттеулердің ешқайсысында қырыққабатты кез келген ауруды, соның ішінде қатерлі ісікті емдеу үшін қолдануға болады деп жазылмаған.

 Көк мен дәмдеуіштер

2008 жылы «Қатерлі ісіктің алдын алудағы көктер мен дәмдеуіштердің рөлі» тақырыбында зерттеу жүргізілді. Ғалымдар шөптер мен дәмдеуіштердің бактерияға қарсы әсері бар екенін анықтады. Сондай-ақ, көк метаболизм процестерін жақсартатын, қабынуды азайтатын және ісіктердің өсуін тежейтін флавонидтерге бай.

2017 жылғы зерттеу дәмдеуіштер жоғары антиоксиданттық белсенділікке байланысты адамды өткір және созылмалы аурулардан қорғай алатынын растады. Бұл ретте ешбір зерттеуде көктер мен дәмдеуіштер онкологияны емдейді делінбеген. Олар тек жақсы профилактика бола алады.

Сарымсақ

Бұл көпжылдық өсімдік түрлі халықтық дәрінің ингредиенті болып табылады. Бауыр, өт қабы және асқазан ауруларын емдейді, оны демікпе мен жара болғанда қабылдайды, құлақ пен тіс ауырғанда, тамырларды тазалау үшін қолданады. COVID-19 пандемиясы кезінде Желіде одан  емделудің рецептісі көп таралды, оларда басқаларға қарағанда сарымсақ жиі пайдаланылды. Кейбіреулер тіпті сарымсақ суы коронавирусқа қарсы антиденелер қалыптастыруға көмектеседі деп жатты. Бұл ақпаратты ДДҰ, дәрігерлер мен фактчекерлер жоққа шығарды.

Сарымсақтың пайдасы көп. Ол қысым мен холестеринді төмендетеді, иммундық жүйені нығайтады, сүйек денсаулығын жақсартады.

Сарымсақ қатерлі ісіктің алдын алуға да көмектеседі. 2020 жылғы зерттеулерге сәйкес, ол жаңа піскен кезде колоректальды қатерлі ісік қаупін азайтады. Мұны Айова штатында жүргізілген зерттеу растады. Көкөніс пен жемісті және сарымсақты үнемі тұтынатын әйелдердің тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдығы 35%-ға аз болған. Дегенмен, ғалымдар сарымсақтың қандай аурулардың алдын алу үшін пайдалы және қандай дозада екенін анықтау үшін көбірек зерттеу жүргізу қажет деген ортақ пікірге келді.

Қара зире майы

Қара зиренің пайдасы мен жанама әсері туралы ақпарат Желіде көп. Слоун-Кеттеринг мемориалдық онкологиялық орталығының сайтында да тиісті мәліметтер бар. Америкалық клиниканың мәліметі бойынша, жануарларға жүргізілген зерттеулер қара зире тұқымдары ісік жасушаларының өсуін тоқтатып, ісіктің қалыптасу жиілігін төмендетуі мүмкін екенін көрсетті. Бірақ дәмдеуіштің адамға қалай әсер ететіні әлі белгісіз. Алайда, дәрігерлержің айтуынша, қара зире аллергиялық реакциялар тудырады. Эксперименттер барысында жоғары дозада егеуқұйрықтардың бауыры мен бүйрегі зақымдалғаны анықталды.

Алма сірке суы

Алма сірке суының әртүрлі ауруларды емдейтіні туралы мәлімдеме де асыра айтылған. Оның құрамында антиоксидант болып табылатын полифенолдар бар. Жануарлар мен адам тіндерінің үлгілерінде көптеген зерттеулер жүргізілді. Бірақ олардың ешқайсысы алма сірке суының қатерлі ісік ауруын емдеудегі тиімділігін дәлелдеген жоқ.

Зерттеулердің бірінде сірке суы онкологиялық аурулардың даму қаупін арттыруы ықтимал екендігі көрсетілген. Ғалымдар бауыр, ет консервілері, шошқа еті мен сірке суын тұтынса, қуық қатерлі ісігінің қаупі артатынын анықтады.

Лимон шырыны

Лимон мен лимон шырыны қатерлі ісік ауруын емдейді деген мәлімдемелер Интернетте бұрыннан айтылуда. Бұл негізінен лимонен деп аталатын химиялық затқа байланысты. Ол цитрус қабығының майында, соның ішінде лимонда да кездеседі.

Зерттеулер көрсеткендей, лимонен обыр жасушаларының өсуін баяулатып, тежейді. Эксперимент тышқандарда жүргізілген. Қатерлі ісікпен ауыратындар лимон жесе немесе лимонен қоспаларын қолданса, жақсаратынына нақты дәлелдер жоқ.

Осы уақытқа дейін аталған рецептілердің бірі болсын қатерлі ісік ауруын емдейтініне ғылыми дәлел жоқ. Сонымен қатар, алма сірке суын жиі пайдалану асқазанның бұзылуына әкеледі, ал сарымсақты күнде жесе, ас қорытумен проблемалар пайда болып, қан кетуі мүмкін, өйткені ол қанды қатты сұйылтады. Интернетте ұсынылған қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған рецептілерге сенбеген жөн. Оларды кімнің ойлап тапқаны және сіздің ағзаңызға қалай әсер ететіні белгісіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button