Фейк: «Бразилияда COVID-19 қарсы вакцина салдырған қыз қайтыс болды»
Қазнет қолданушылары үш түрлі үзіндіден құралған бейнероликпен бөлісуде. Біріншісінде кішкентай қызға екпе салынады, екіншісінде – қыздың жүрегі айниды, ал үшіншісінде – видеодағы баланың өзінің қызы екенін және ол қайтыс болғанын айтып, жылап жатқан әйелдің дауысы естілген смартфон экраны көрсетілген. Мұның барлығы – фейк.
Видео астында бұл оқиғаның Бразилияда болғаны жазылған. Бұл ретте қайғылы жағдай орын алған қала да, қыздың жасы да, аты да көрсетілмеген. Мұндай нақты ақпараттың болмауы – хабарламаның фейк екендігінің белгісі. Желіден кілт сөздер бойынша іздеу нәтижесінде балаларды COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың барлық кезеңінде екпе салдырған бір ғана қыз қайтыс болғаны туралы ақпарат шығады. Бұл оқиға Желіде кеңінен талқыланды, тіпті ел билігі жасөспірімдерді иммундауды тоқтатпақ болды.
Алайда, мамандар қыздың өлімі вакцинациядан емес, сирек кездесетін аутоиммундық ауру салдарынан болғанын анықтады.
Марқұм таратылған видеодағы қыз емес. Өйткені, қайтыс болған қыз 16 жаста боғлан, ал видеода вакцина алған бала одан кіші. Сондай-ақ, өлім жағдайы 2021 жылдың қыркүйегінде болғанын және Бразилияда бес жастан 11 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау тек 2022 жылдың қаңтарында ғана басталғанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар, Қазнетте қазір таратылып жатқан видеоның биыл қаңтар айының соңында Бразилияда кең тараған екі түрлі вирустық хабарламадан тұрады. CNN Brasil мәліметтері бойынша, бастапқыда екпе салдырған қыз бен жүрегі айныған қыздың видеосы бөлек таратылған, есімдері да әртүрлі болды, кейіннен роликтер біріктіріліп, бір баланың видеосы ретінде ұсынылды.
Дегенмен, фактчекерлер анықтағандай, бұл кадрларда көрсетілген қыздардың ешқайсысы вакцинация нәтижесінде қайтыс болған жоқ. Ресми мәліметтерге сәйкес, Бразилияда балалар мен жасөспірімдер арасында COVID-19 қарсы вакциналардан бірде-бір өлім жағдайы тіркелмеген.
Айта кетейік, вакцинацияға қарсы бразилиялықтар бұған дейін де кездейсоқ кадрларды вакцинациядан қайтыс болғандардың видеосы деп ұсынған. Мысалы, олар 2018 жылғы жүрек талмасынан қайтыс боғлан егже жастағы әйелдің видеосын таратқан, ал видео астында ол COVID-19 қарсы вакцина салдырынан көз жұмды деп жазылған.