Fake News

Фейк: «5G бағаналары денсаулыққа қауіпті»

Қазнетте тараған видеода профессор Александр Редько ұялы байланыс бағаналарының адамдарға теріс әсері жайлы баяндайды. Ол 5G бағаналарын меңзеген болар. Бағаналардың маңында 40-60 минут тұрса, адамның қан қысымы көтеріліп, санасы шатасады, есте сақтау проблемалары мен қанында өзгерістер орын алуы мүмкін екен. Бұл фейк.

Алдымен Александр Редьконың кім екеніне тоқталайық. Ол өзін профессор және медицина ғылымдарының докторы деп таныстырады. Белгілі антиваксер Редько – Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Бұл ұйымға мүше болу үшін ақшалай жарна төлеу қажет. Бастапқыда оған академик Лихачев, геохимик Минеев сияқты көптеген танымал ғалымдар кірген. Ал қазір онда сайқымазақ Куклачев пен саяси қайраткер Горбачев бар. Яғни, РЖҒА-на кіру үшін ғылыми дәреженің болуы міндетті емес. Бүгінде оның құрамында конспирологтар мен қастандық теориясын жақтаушылар көп.

COVID-19 пандемиясы кезінде Редько ғылымға қарсы гипотезаларды алға тартты. Оның айтуынша, егу салдарынан қатерлі ісік аурулары көбейіп, балалардың табиғи иммунитеті жойылды, ал вакцинацияны желеу етіп, адамдарға аденовирус жұқтырылады. Бұл қате теориялардың барлығын фактчекерлер жоққа шығарды.

Бағаналардың адам денсаулығына кері әсері туралы айта келе, Александр Редько бір экспериментке сүйенеді. Ол әріптестерімен бірге қысымды өлшеп, қан талдауын тапсырып, бағананың астында бір сағат тұрған. Оның айтуынша, бұл бағана емес, сәулелендіргіш құрылғылардың түрлері бар стенд болған. Мұнымен не айтқысы келгені белгісіз. Стендтің астында біраз тұрғаннан кейін бәрінің қан қысымын қайта өлшеп, қан талдауы алынған. Мақала осының негізінде жазылған. Редьконің айтуынша, бағаналар сананың шатасуына, есте сақтаумен проблемалардың туындауына әкеледі, сондай-ақ басқа да көптеген жағымсыз әсерлер тудырады. Зерттеу жұмысы бұл бір мақала немесе бір эксперимент емес екенін айта кеткен жөн. Жаңа буындағы 5G ұялы байланыс бағаналары адамға қалай әсер ететінін бір сағаттың ішінде анықтау мүмкін емес.

2021 жылдың наурыз айында «5G мобильді желілері және денсаулық» атты үлкен ғылыми шолу шықты, оған 107 зерттеу енді. Ғалымдар 5G әсерінің адамдар үшін қауіпті екенін растайтын дәлелдер таппады.

5G екі жиілікте жұмыс істейді. Олардың ең жоғарғысы 24,25-тен 52,6 ГГц-ке дейін. Электромагниттік сәулеленудің иондала бастайтын, яғни қауіпті болатын жиілігі шамамен 3 миллион ГГц құрайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен FDA 5G байланысы қауіпсіз деп бірнеше рет мәлімдеген болатын. Нью-Йорк университетінің радиология профессоры Кристофер Коллинздің айтуынша, «барлық сымсыз коммуникациялар сымдарды қажет етпестен кеңістік арқылы энергия мен ақпаратты беру үшін иондамайтын электромагниттік сәулеленуді пайдаланады. 5G жағдайында электромагниттік толқындардың жиілігі жоғары, бұл көбірек ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Оның толқын ұзындығы да қысқа және денеге төмен жиілікті энергия сияқты енбейді».

Демек, Редьконың 5G ұялы байланыс бағаналары адамдар үшін қауіпті деген пікіріне ғылыми негіз жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button