Фейк: «Сирек кезедсетін есірткі жасау үшін көп бала өлтірілді»
Танымал қазақстандық Telegram-чатта сирек кездесетін адренохром препаратын жасау үшін көп баланы ұрлап, аяусыз өлтірген деген ақпарат тарады. Олар 2023 жылдың тамызында Гавайидің Мауи аралында болған өртте жоғалған екен. Мұның бәрі өтірік.
Мауи аралынан ұрланған жүздеген бала туралы ақпарат 2023 жылдың қыркүйек айының ортасында Желінің ағылшын тіліндегі сегментінде жарияланды. Ол Гавайи штаты губернаторының ресми сайтында жарияланған хабарламаға негізделген, онда өрттен зардап шеккен аудандардан екі мыңға жуық мектеп оқушысы мен студенттер мектептерде оқуға өтініш беруі керек делінген. Хабарландыру өрт сөндірілгеннен кейін шыққан. Бұл балалардың қайсысы уақытша көшіп кеткенін, кім қашықтан оқуға көшетінін және кімнің аралда қалып, әдеттегідей мектепке барып оқитынын анықтау үшін қажет болған. Хабарландыру мәтінінде бұл екі мың оқушы мен студент жоғалып кетті немесе өлтірілген деп жазылмаған.
2023 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша Мауиде өрт салдарынан 97 адам қаза тапты, ал 31 адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында кәмелетке толмаған бір ғана бала болған.
4 қазандағы жағдай бойынша Мауиде хабарсыз кеткен бірде-бір кәмелетке толмағандар тіркелген жоқ.
Демек, Мауи аралында дала өртінен кейін балалар жоғалмаған.
Сирек кездесетін және күшті есірткі адренохром туралы идеяларды Qanon қастандық теориясын жақтаушылар кеңінен насихаттайды. Шын мәнінде, адренохром – бұл барлық адамдардың ағзасында түзілетін және зертханаларда оңай синтезделетін адреналиннің тотығу өнімі. Адренохром есірткі емес және негізінен ғылыми зерттеулер мен фармакологияда қолданылады.
Адренохром есірткі ретінде алғаш рет Хантер Томпсонның 1971 жылы шыққан «Лас-Вегастағы қорқыныш пен жеккөрушілік» (сондай-ақ «Лас-Вегастағы қорқыныш пен жиіркеніш» атауымен де белгілі) кітабында аталған. Бұл ретте автор заттың есірткілік қасиетін, оны қатты қорыққан балалардың домалақ бездерінен алатындығын ойдан шығарғанын айтқан. Дегенмен, адренохромды есірткі ретінде қолдану кітап бойынша түсірілген фильмде көрсетілген, ал конспирологтар жазушының қиялын шын деп ұсынуда.
Демек, таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Біріншіден, Мауиде балалар жоғалмаған, екіншіден, адренохром деген есірткі жоқ.