Конспирология

Фейк: «Жазық Жер туралы мәлімдемелеріне орай ұшудың негізін қалаушы туралы мектептерде айтылмайды»

Огюст Пиккар – әйгілі швейцариялық ғалым, өнертапқыш. 1931 жылы ол әуе шарымен стратосфераға бірінші болып көтерілді. Конспирологтардың айтуынша, осыдан кейін ол Жер – диск деп мәлімдеген. Әлеуметтік желілерде осы жаңалығы үшін Пиккар туралы әлемнің бірде-бір мектебінде айтылмайды деп жазылды. Бұл жалған.

Огюст Пиккар «Жер – бұл жиегі доғал диск» деп мәлімдегені туралы жиі айтылады. Әсіресе, жазық Жер теориясын жақтаушылар. Алайда, олар жаңалық ашушының нақты мәлімдемесін елемейді. Шын мәнінде, ол алған биіктіктен – 15 шақырымнан сәл асқанда, Пиккар құрастырған капсуланың кішкентай иллюминатор терезелерінен қарағанда Жердің қисық екенін көру мүмкін емес деп айтқан. 

Пиккардың өзі ғылым адамы бола тұра, Жердің шар тәрізді екендігіне және салыстырмалы түрде төмен биіктіктен кішкентай терезелер арқылы Жердің қисық екенін байқамағанына сенімді болды, ол да, барлық басқа ғалымдар да мұны заңды және түсінікті жайт деп тапты. 

Огюст Пиккардың есімі әлемнің бірде-бір мектебінде аталмайтындығына келетін болсақ, бұл өтірік.  Швейцарияда ашушы туралы мектеп қабырғасында айтып қана қоймай, елдегі ең үлкен және беделді гимназиялардың біріне оның есімі де берілген.

Сонымен қатар Пиккар туралы Желіде ақпарат көп және танымал Hennessy бренді Мариана шұңқырына кіріп бара жатқан Огюст Пиккар мен оның ұлы Жак көрсетілген жарнамалар да түсірген.

Пиккардың есімі ұмытылғаны туралы ақпаратқа жазық Жер теориясына арналған видео тіркелген. Ол РЕН-ТВ телеарнасындағы бағдарламаның үзіндісінің негізінде жасалған. Бұл арна псевдо ғылымды тарататынымен танымал екені белгілі. Ғылыми журналист және ғылымды насихаттаушы Александр Соколов РЕН-ТВ-ға адам эволюциясы туралы хабарды түсіруге шақырылғаннан кейін, арна редакторлары спикерлердің сөзін әдейі бұрмалап, сөз тіркестерін контекстен үзіп алып, өтірік болса да, оны арнаның пайдасына сай етіп береді деп мәлімдеді.

Таралған үзіндіде жазық Жер тақырыбы бойынша сарапшы ретінде археолог деп таныстырылған Вадим Шегалов сөз сөйледі. Шын мәнінде, Желіде ол оккультизм және эзотерика туралы жазған кітаптар бар және оның адмирал С.О. Макаров атындағы мемлекеттік теңіз академиясын бітіргені туралы жазылған. Оқу орны 2014 жылы жабылған, онда археология немесе тарих факультеттері мүлдем болмаған.

 

Видеода Шегалов Пиккар үлкен әуе шарымен ғарышқа көтеріле алмайтын еді дейді. Себебі ғарыштық вакуумда шар жарылып кетеді. Бұл ретте, Шегалов Пиккардың вакуум болатын ғарышқа шықпағанын, тек стратосфераға – озоннан және атмосферада кездесетін басқа газдардан тұратын жер атмосферасының қабатына ғана жеткенін ескермейді. 

Сондықтан Пиккар мен оның ізбасарлары стратосфераға көтерілген кезде үлкен шарлар немесе стратостаттар жарылған жоқ.

Мұның бәрі, біріншіден, мектептерде Огюст Пиккар туралы айтылатынын дәлелдейді. Сонымен қатар Швейцариядағы ең беделді гимназиялардың бірі оның есімімен аталады. Екіншіден, Пиккар Жер тегіс деп мәлімдемеген, ол тек Жердің қисық екенін көре алмағандығын айтқан. Үшіншіден, ақпаратқа тіркелген псевдоғылыми бағдарламаның үзіндісі жазық Жер теориясын дәлелдемейді және онда айтылған тезистер қате. Демек, таралған ақпаратты фейк деп санауға болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button