Қазнетке «Санкт-Петербургтің бас дәрігерінің» атынан фейк ақпарат тағы да таратылуда
What’sApp мессенджерінде қазақстандықтарға «Санкт-Петербургтің бас дәрігері» Василий Казьминнің атынан ақпарат келіп түсуде. Мәтінде COVID-19-дан қорғану жолдары туралы айтылған. Бұл 2020 жылы шыққан ескі фейк.
COVID-19 алдын алу әдістері туралы тараған ақпарат Ресейде COVID-19 пандемиясы басталғанда шыққан. Түпнұсқа ақпаратта Василий Казьмин Санкт-Петербургтің емес, «Армавирдің бас дәрігері» деп жазылған. Армавирде осындай есімді дәрігер бар, бірақ хабарлама тарағанда ол оған ешқандай қатысы жоқ екенін бірден айтты.
Желіде дәрігер COVID-19 алдын алу туралы айтқан Василий Казьмин туралы ақпарат табылған жоқ.
Енді хабарламаның мәтініне назар аударайық. Онда «ДДСҰ жоспары» бойынша COVID-19 арамызда 2024 жылға дейін болады делінген. Әрине, бұл олай емес. 2023 жылдың 5 мамырында ДДСҰ COVID-19 бойынша төтенше жағдайдың аяқталғаны туралы жариялады. Бұл күн пандемияның ресми аяқталған күні деп санауға болады, бірақ ауру жойылып кеткен жоқ және алдағы жылдары жойылып кетуі екіталай. ДДСҰ-ның пандемияны сақтау немесе ұзарту бойынша нақты «жоспары» бар деген теориялар конспирологиялық және ешқандай дәлелі жоқ.
Одан әрі жалған дәрігер жиі серуендеуге, лимон мен зімбір қосылған шай ішуге, ыстық тамақ қана жеп, суды көп ішуге кеңес береді. Бұл кеңестердің барлығы салауатты өмір салты тұрғысынан өте орынды болғанымен, олар вирустық инфекциядан қорғамайды.
Хабарламада айтылғандай COVID-19 С және Е витаминдерін көп мөлшерде қабылдау арқылы емдеу, науқастың жағдайын асқындырып жіберуі мүмкін. Ғалымдарда С дәрумені COVID-19 емдеуге көмектесетініне қатысты деректер жоқ.
С мен Е витаминдерінің комбинациясы COVID-19 пневмониясымен ауыратын науқастардың жағдайын жақсартқан жоқ. Бұл туралы 2021 жылы Иран ғалымдары жүргізген клиникалық зерттеу нәтижелерінде жазылған.
Хабарламаның соңғы абзацында COVID-19 кезінде рН деңгейі жоғары тағамдарды тұтынудың артықшылықтары сипатталған. Бұл ескі фейк. Мәтінде аурудың қоздырғышы SARS-CoV-2 коронавирусының рН деңгейі төмен және бұл көрсеткіш жоғары болған тағам оны жояды делінген. Шындығында, вирустың рН деңгейі болмайды, ал хабарламада келтірілген мәндер дұрыс емес. Мәтінде лимон мен лаймның рН деңгейі сәйкесінше 9 және 9,2 құрайды делінген. Шын мәнінде, цитрустың екі түрінде де бұл көрсеткіш шамамен екіге тең.
Демек, хабарлама толықтай фейк. Онда аталған дәрігер жоқ, ДДСҰ-ның қорқынышты «жоспарлары» туралы теориялар конспирологиялық болып табылады, ал берілген кеңестер пайдасыз және солай емделмек болғандар үшін қауіпті болуы мүмкін.