Манипуляция

Манипуляция: «Австралия қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшеді»

Әлеуметтік желілерде австралиялық Sky News Australia кабельдік арнасының нақты ақшадан біртіндеп бас тартып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу туралы репортажынан үзінді талқылануда. Видеомен бірге мынадай тезистер таралуда: «4 ірі банк ескертусіз әр түрлі қалаларда қолма-қол ақша алуды шектей бастады», «Адамдар 500 доллардан артық ақша ала алмайды», «Кейбір филиалдар қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайды» және «Үкімет 1 миллиард доллардан астам банкнотты тәркіледі».
Бұл мәлімдемелер рас па? Талдап шығайық.

Австралияның қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көше бастағаны рас. Бірақ қағаз ақша мен металл монеталардан бас тарту үш-бес жыл ішінде біртіндеп жүзеге асырылады. Сонымен қатар «қолма-қол ақшасыз қоғамға» көшу мәжбүрлі болмайды. Ол австралиялықтар арасындағы тұтынушылық төлем тенденцияларына негізделген.
Австралияның Резервтік банкінің (RBA) зерттеуіне сәйкес, азаматтардың үштен бірі өздерін «қолма-қол ақшасы аз пайдаланушылар» деп санайды. Басқаша айтқанда – халықтың бұл бөлігі барлық транзакциялардың 20%-на дейін қолма-қол ақшаны пайдаланады.
Резервтік банктің мәліметі бойынша, қазір елде 101,3 миллиард доллар қолма-қол ақша айналымда жүр және бұл 2019 жылдың қарашасынан бергі ең төмен көрсеткіш. Нақты ақшаны пайдалану барлық транзакциялардың 16% ғана құрайды.
Сонымен қатар 2019-2021 жылдары 5, 20 және 50 долларлық ақшаны пайдалану күрт төмендеген.
Енді банктер қолма-қол ақшаны алуды шектейді және адамдар 500 доллардан артық ақша ала алмайды деген алғашқы тезистерді қарастырайық. Бұл олай емес.
Австралияның төрт ірі банкінде қауіпсіздік мақсатында қолма-қол ақша алуға шектеу қойылған.
Австралияның қаржылық көрсеткіштері туралы Rate City сайтына сүйенсек, CBA, Westpac және NAB банктерінде тұрғындар күніне 2000 АҚШ долларына дейін, ал ANZ банкінде әдепкі бойынша 1000 долларға дейін немесе сұрауы бойынша 2500 долларға дейін ала алады.
Алайда, қажет болған жағдайда банктер алдын ала қоңырау шалу арқылы қомақты соманы да береді.
Сонымен қатар Rate city-дің хабарлауынша, CBA және Westpac банктерінің бөлімшелерінен қолма-қол ақша алуға болады.
Қолма-қол ақшасыз бөлімшелер құру туралы мәлімдеме рас. Мысалы, Австралияның Ұлттық банкі (NAB) мұндай бөлімшелерді «сараптамалық орталықтар» және «мамандандырылған орталықтар», ал ANZ банкі бейресми түрде қолма-қол ақшасыз орындарды «цифрлық филиалдар» деп атайды.
1 миллиард доллардан астам купюраны айналымнан алу туралы тезис те шындық.
Демек, таралған ақпарат – манипуляция, өйткені фактілер қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға мәжбүрлеп көшу деп бұрмаланған, ал бұл жалған. «Қолма-қол ақшасыз қоғамға» көшу австралиялықтардың қолма-қол ақшаны пайдалану ниетіне байланысты жүзеге асырылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button