Манипуляция: «мРНҚ вакциналарын жасау үшін кванттық компьютерлер қолданылады»
Танымал Telegram чаттарының қатысушылары Moderna фармацевтикалық компаниясы мРНҚ вакциналары мен дәрі-дәрмектерін жасау үшін IBM IT компаниясымен біріккені туралы жазуда. Пайдаланушылардың пайымдауынша, мұндай ынтымақтастық препараттарда жоғары технологиялық және ықтимал қауіпті құрылғылардың бар екенін білдіреді. Бұл олай емес.
Moderna және IBM компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы жаңалық 20 сәуірде IBM ресми сайтында шықты.
Онда ұйымдар мРНҚ технологиясын терең зерттеу және оның толық әлеуетін ашу үшін ынтымақтасады делінген. Ол үшін IBM Moderna мамандарына кванттық есептеулерге, сондай-ақ ғалымдарға молекуланың қасиеттерін болжауға және әлеуетті мРНҚ препараттарының сипаттамаларын түсінуге көмектесетін MoLFormer жасанды интеллектіге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осының арқасында ғалымдар вакциналардағы мРНҚ-ны мерзімінен бұрын жойылудан қорғайтын липидті нанобөлшектерді пайдалануды оңтайландыра алады.
Мұндай ынтымақтастықтың нәтижесінде белгілі бір жоғары технологиялық және өте құпия құрылғылар қосылған вакциналар пайда болатыны туралы ресми баспасөз хабарламасында да, ірі бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларында да айтылмаған.
МРНҚ технологиясын одан әрі зерттеу және қолдану көптеген ауруларға, соның ішінде жұқпалы ауруларға қарсы әлдеқайда тиімді және қауіпсіз вакциналар жасауға ықпал етпек. Сондай-ақ мРНҚ платформасын дамытудың әлеуетті бағыттарының бірі – қатерлі ісікке қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмектер. Ғалымдардың пікірінше, бұл технология қатерлі ісік жасушаларына шабуыл жасап, жоятындай иммунитетті белсендіретін препараттарды жасауға мүмкіндік береді.
Демек, таралған хабарлама манипуляция болып табылады. Moderna және IBM компаниялары вакциналарға құпия чиптерді қосу үшін емес, жаңа, тиімді және өте қажет дәрі-дәрмектер мен вакциналарды жасау үшін бірікті.