Дәлелсіз: «Пенициллин – бұл у»
Мессенджерлерде пенициллиннің зияны туралы видео тарады. Ролик кейіпкерінің айтуынша, пенициллин – бұл у. Ол оның орнына табиғи антибиотик ретінде йодты қолдануға кеңес береді. Пенициллин шынымен қауіпті ме? Анықтайық.
Видеодағы адам – медициналық білімі жоқ ресейлік кәсіпкер Герман Стерлигов. Яғни, ол дәрі-дәрмектердің, нақты айтқанда, пенициллин антибиотигінің зияны немесе пайдасы бойынша білікті маман емес.
Пенициллин – пневмония немесе менингит сияқты көптеген бактериялық инфекцияларды емдеу үшін қолданылатын препарат. Антибиотик қасиеттері бар алғашқы затты 1928 жылы Penicillium саңырауқұлағынан шотланд бактериологы Александр Флеминг бөліп алған. Ал 1941 жылы препарат түріндегі пенициллин терапевтік қолдану үшін қол жетімді болды.
Қазіргі уақытта пенициллиннің бірнеше түрі бар, соның ішінде табиғи: пенициллин G және пенициллин V, сондай-ақ синтетикалық: аминопенициллиндер, антистафилококктар, кең спектрлі және бета-лактамаза ингибиторы.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасының мәліметтеріне және көптеген зерттеулерге сәйкес, пенициллиннің барлық түрлері тиімді және қауіпсіз. Ал табиғи пенициллиндер G және V жүкті әйелдер мен балаларға зиянсыз болып саналады.
Дегенмен, бұл препарат антибиотикті шамадан тыс қолдану салдарынан пайда болатын бактериялардың дәріге төзімділігін, яғни резистенттілігін тудыруы ықтимал. Сондықтан пенициллинді дәрігердің нұсқауы бойынша және ұсынылған мөлшерге сәйкес қолдану керек.
Сонымен қатар препараттың белгіленген қарсы көрсеткіштері бар. Оған пенициллинге және оның туындыларына аллергиялық реакциялардың болуы жатады.
Сондай-ақ адамдардың шамамен 1% әсер ететін жеңіл жанама әсерлер болады. Атап айтқанда, бас ауруы, жүрек айнуы және инъекция орнындағы ауырсыну (көктамыр ішіне немесе бұлшықет ішіне салғанда).
Йодқа келетін болсақ, ол бактерияға қарсы қасиеттерге ие. Алайда оны қолдануда бірқатар қиындықтар бар. Бос молекулалық йод деңгейі жоғары ерітінділер аса белсенді болып келеді. Сондай-ақ ол улы болуы мүмкін және ашытып, аллергиялық реакциялар тудыратындықтан оны ашық жараларға жағуға болмайды.
Демек, антибиотик пенициллиннің у екендігіне дәлел жоқ, ал препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін растайтын зерттеулер бар.