Фейк: «Ғалым қарттардан құтылуға шақырды»
Instagram-да қолданушылар профессор Йохан Макенбах қарт адамдардан құтылуға шақырды деп жазуда. Климаттың өзгеруін тоқтату үшін 60 жастан асқан адамдарды емдеуді тоқтатып, оларды «ерте өлуге» көндіру керек екен. Бұл шындыққа жанаспайды.
Алдымен Йохан Макенбах Нидерландтағы Роттердам университетінің медициналық орталығының Erasmus MC Қоғамдық денсаулық сақтау профессоры және қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісі екенін айта кеткен жөн. Ол әлеуметтік эпидемиология, медициналық демография және денсаулық сақтау саясатын зерттеуге маманданған. Сонымен қатар профессор Макенбахтың өзі де қарт адам – ол 1953 жылы туған және жасы 70-те.
Талқыланып отырған постта профессор Макенбах егде жастағы адамдарды мүмкіндігінше ертерек өлуге ынталандыру керек деп жазған мақаласының скриншоты бар. Бұл мақаланың түпнұсқасы Желіде бар.
Онда профессор Нидерландтағы Денсаулық сақтау саласы 1990 жылдан бері атмосфераға СО2 шығарындыларының көлемін төмендетпеген, керісінше аздап арттырған деп жазады. Профессор Макенбахтың пікірінше, жағдайды түзету үшін медицинаға деген көзқарасты өзгерту керек. Ықтимал нұсқалардың бірі ретінде ол климаттық бейтараптық секілді превентивті шараларға назар аударған жөн дейді.
«Әңгімелесу және салауатты өмір салтын насихаттау, психотерапия, физиотерапия және т.б. сияқты қоршаған ортаға әсері әлдеқайда аз араласуға баса назар аударған жөн. Тұрақты даму тұрғысынан, ұзақ мерзімді перспективада көлемнің төмендеуі олардың өсуіне қарағанда жақсы болуы мүмкін. Сонда ұзақ өмір сүруді зерттеуге инвестиция салу керек пе, жоқ па деген сияқты түбегейлі мәселелерді көтеру қажет болмайды, ал экологиялық кеңістік тез азаяды және қазір тұрып жатқан ұрпақ өмірінің әрбір қосымша жылы болашақ үшін кеңістікті шектейді», – деп жазады Макенбах.
Яғни, профессор қазіргі ұрпақ пен болашақ ұрпақтың ұзақ өмір сүруі арасында таңдау жасау өте қиын және оны жасамаған дұрыс дейді. Нақ осы мақсатта адам өмірінің барлық салаларын, соның ішінде денсаулық сақтау саласын экологияға зиян келтірмеу үшін жаһандық жылынуды тудырмайтындай етіп қайта құру қажет.
Оның мақаласында ұзақ өмір сүру немесе қарт адамдар туралы басқа дәйексөздер жоқ. Сондай-ақ адамзаттың қандай да бір санатынан арылуға үндеулер де жазылмаған.
Демек, Қазнетте таралған ақпарат жалған. Йохан Макенбах қарттардан құтылып, оларға медициналық көмек көрсетуді тоқтатуға емес, қазіргі және болашақ ұрпақтың арасында таңдау жасамас үшін атмосфераға СО2 шығарындыларын азайтуға шақырды.