Жалған: «ДДҰ аспартам тәттілендіргішін канцероген деп таныды»
Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Аспартам» тәттілендіргішін канцероген, яғни қатерлі ісік тудыратын зат деп танығаны туралы ақпарат қызу талқылануда. Аспартам қатерлі ісік ауруына себеп болуы мүмкін бе? Анықтап көрейік.
Аспартам – «қантсыз» газдалған сусындарда қолданылатын төмен калориялы тәттілендіргіш.
Заттардың канцерогенділігін анықтаумен Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC) айналысады.
Ол бұл заттарды төрт топқа бөледі. Біріншісіне (1) адамдар үшін канцерогенді болып табылатын заттар жатады. Олардың бұл қасиетін дәлелдейтін бірқатар зерттеулер бар.
Екінші А тобына (2А) адамдар үшін канцерогенді болуы ықтимал заттар кіреді. Яғни, мұны растайтын ғылыми дәлелдер бар, бірақ олар жеткіліксіз. Алайда, 2А тобындағы заттардың қауіптілігін дәлелдейтін жануарларда жүргізілген зерттеулер бар.
Келесі 2В тобына ықтимал канцерогендер кіреді, бірақ дәлелдер базасы шектеулі. Яғни, ғалымдардың пайымдауынша, бұл заттар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін, бірақ бұл фактіні растайтын ғылыми еңбектер аз.
Екінші топқа (2В) аспартам кіреді. Айта кетерлік жайт, бұл топта тәттілендіргіштен басқа, мысалы, автомобильдің пайдаланылған газы, тальк ұнтағы, маринадталған көкөніс, алоэ вера, тіпті шаштараз болып жұмыс істеу де жатады.
Бұдан басқа, үшінші топ бар (3). Оған адамдарда және жануарларда жүргізілген зерттеулерде жеткілікті дәрежеде расталмаған канцерогенділікке күдікті заттар жатады.
ДДҰ ресми сайтында жарияланған аспартамның қауіптілігі мен қаупін бағалауға сүйене отырып, тәттілендіргіш «канцерогенді зат болуы ықтимал». Бұл аспартам қатерлі ісік тудырады дегенді білдірмейді.
Сонымен қатар тәттілендіргіш белгіленген мөлшерде қолданған жағдайда қауіпсіз болып саналады. ФOA/ДДҰ тағамдық қоспалар жөніндегі бірлескен сарапшылар комитеті (JECFA) дене салмағының әр килограмына 0-40 мг-ға тең тәуліктік тұтынудың рұқсат етілген мөлшерін белгіледі. Мысалы, осы нормадан асыру үшін салмағы 50 кг адам 200 мл-лік 10 банкадан артық газдалған су ішу керек, салмағы 70 кг-нан артық болса, 14 банка және т. б.
Мұндай тәттілендіргіш қант жеуді азайтуға ниетті адамдар үшін де қолайлы шешім болып табылады. Мысалы, семіздік немесе қант диабеті кезінде. Соның ішінде балалар арасында. Өйткені, зерттеулер аспартам жоғарыда аталған нормаларды сақтаған жағдайда балалар үшін де қауіпсіз екенін көрсетті.
Демек, төмен калориялы тәттілендіргіш аспартам канцероген деп танылды деген ақпарат жалған. Аспартам канцерогенділікке күдікті заттар тізіміне енгізілді. Алайда оның ресми мәртебесі – канцерогенді зат болуы ықтимал. Қазіргі уақытта оның қауіптілігін растайтын зерттеулер жеткіліксіз.