Манипуляция

Манипуляция: «Израильдік дәрігер COVID-19 қарсы вакцинацияны тоқтатуға шақырды»

Telegram каналдарда Израильдің беделді дәрігері адамдар дәрі-дәрмектің жанама әсерлерінен жаппай өліп жатқандықтан COVID-19 қарсы вакцинацияны тоқтатуға шақырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл манипуляция.

Хабарламада есімі аталған дәрігер – Йоав Ехезкелли. Ондай дәрігер бар. Ол Израиль Қорғаныс әскерінде қызмет еткен және батальон мен бригаданың санитарлық дәрігері болған. Дәрігер Еврей университетінің Хадасса медицина мектебінде және Тель-Авив университетінде білім алған. Денсаулық сақтауды басқару саласында магистр дәрежесіне ие.
Бұған қарамастан, ол вакцинация мен карантиндік шектеулерге қарсы. Оны Facebook-тегі парақшасынан қарап білуге болады. Онда вакцинацияны шұғыл түрде тоқтату керек деген хабарлама бар.
Алайда, пост мәтінінде фактологиялық қателер бар. Олардың кейбіріне тоқталайық.

1. «Луидің ауыр белгілері»
Ехезкелли өз жазбасында оларды вакцинацияның жанама әсерлерінің бірі ретінде атап өтеді. Бірақ оның нақты не жайлы айтып отырғаны белгісіз. Луи деп аталатын ауру жоқ. Ал Луи-Бар синдромы деген бар. Бұл өте сирек кездесетін тұқым қуалайтын ауру, онда қозғалыс координациясы бұзылады, тері ерте қартаяды, шаш ағарып, онкологиялық аурулардың даму қаупі артады.
Ғылыми әдебиеттерде COVID-19-ға қарсы вакцинация салдарынан осы синдромның дамуының бірде-бір жағдайы сипатталмаған.

2.Басқа ауыр жанама әсерлер
COVID-19 қарсы вакциналарға ауыр жағымсыз реакциялардың барлық жағдайлары зерттеліп, бақыланады. Оларға ортақ нәрсе – өте сирек кездесетіні. АҚШ Денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, миллион адамның ішінде бір-екі адамда ғана ауыр аллергиялық реакциялар болады.

3.Еуропада вакцинация салдарынан өлім-жітім артты
Мұндай хабарламалар өтірік және манипуляцияға негізделген. Еуропаның кейбір елдерінде 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында артық өлім-жітім болжанғаннан жоғары болды. Алайда, бұл COVID-19 қарсы вакцинациясымен байланысты емес. Бұл көрсеткіш бірнеше ай бойы рекордтық төмен деңгейде сақталған елдер де бар.

4.Жануарларға арналған вакцина сынақтары дұрыс өткізілген жоқ
Бұл мәлімдеме негізсіз. Доктор Ехезкелли оның дұрыстығын растайтын ешқандай мәлімет келтірмейді. Сонымен қатар, Желіде жануарларға арналған вакциналардың қайда, қашан және қалай сыналғаны туралы ақпарат қол жетімді. Мысалы, Pfizer вакцинасы тышқандарда және адам тәрізді емес приматтарда сыналды. Сондай-ақ, ашық дереккөздерде Moderna және Johnson & Johnson вакциналарының жануарларда жүргізілген сынақтары туралы деректер бар. 

5.Вакцинациядан кейін ағзада өндірілетін спайк ақуызы органдар мен тіндерде бірнеше ай бойы сақталады
Бұл шындыққа жанаспайды. Ғылыми әдебиеттерде бұған дәлел жоқ. Бірақ вакциналардың клиникалық сынақтары кезінде алынған дәлелденген деректер бар. Оларға сәйкес, вакцинациядан кейін жасушалар шығаратын спайк ақуызы бүкіл ағзаға таралмайтынын және бірнеше апта ішінде жойылатынын көрсетеді. 
Осының бәрі израильдік дәрігердің вакцинацияны тоқтатуға шақыруы шынайы болғанымен, мүлдем негізсіз екенін көрсетеді. Дәлел ретінде ол фактчекерлер бұрын теріске шығарған жалған мәлімдемелер мен манипуляцияларды келтіреді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button