Фейк: «Басқарылатын тіршілік иелерінен мінсіз нәсіл жасау үшін адам геномы өңделеді»
Әлеуметтік желілерде тараған хабарламада ДДҰ адам геномын редакциялау арқылы адамдардың мінсіз нәсілін жасамақ делінген. Сондай-ақ «Шваб көмекшісі Харари» деген адамның басқарылатын тіршілік иесі болуы мүмкін екенін айтқан екен. Мысал ретінде, хабарлама авторы 2017 жылы Рокфеллер университеті әзірлеген тышқандардағы ми жасушаларын сымсыз басқару әдісін келтіреді.
Таралған ақпарат жалған.
Адам геномын редакциялау ми жасушаларын басқарумен де, мінсіз нәсіл жасаумен де байланысты емес. Төменде геномды не үшін өңдеу керектігін және осы процесті реттейтін нормалардың қандай екенін түсіндіріп өтейік.
Геномды өңдеу – бұл ДНҚ-ны өзгертуге мүмкіндік беретін технологиялар. Олардың көмегімен зақымдалған генетикалық материалды белгілі бір жерлерде қосуға, өзгертуге немесе жоюға болады. Геномды өңдеудің дәл және тиімді жүйесі – CRISPR-Cas9.
Ғалымдардың геномды редакциялау технологиясын құру мен жетілдірудегі мақсаты – аурудың алдын алу және емдеу. Мысалы, CRISPR-Cas9 гемофилия, муковисцидоз және орақ жасушалы анемия сияқты қауіпті ауруларды емдеу үшін зерттеулер мен клиникалық зерттеулерде зерттеледі. Сонымен қатар ғалымдардың пайымдауынша, болашақта геномды редакциялау арқылы одан да ауыр ауруларды емдеуге болады. Оның ішінде жүрек ауруы, психикалық ауру және АИТВ.
Яғни, бұл технология тек емдеуге ғана бағытталған. Адамдарды басқару немесе жеке мінсіз нәсіл құру туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ.
Сонымен қатар геномды өңдеу саясатын реттейтін нормалар мен принциптер бар. Оларды Халықаралық денсаулық сақтау ғылымдары ұйымдарының кеңесі (CIOMS) әзірлеген. Бұл ДДҰ мен ЮНЕСКО бірлесіп құрған халықаралық үкіметтік емес ұйым. Адам геномын редакциялаудың негізгі принциптері – адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау және нығайту. Сондай-ақ тәуекелдер мен пайданы бөлу принципі және тепе-теңдікті сақтау.
2017 жылы Рокфеллер университетінде тышқандардың ми жасушаларын сымсыз басқару әдісі әзірленгені рас. Оның мәні – радио толқындардың көмегімен және имплантациясыз тышқандардың тәбетін қашықтан басқару. Зерттелетін кеміргіштер жай өмір сүрді. Ғалымдардың пікірінше, бұл әдіс тамақтанудың неврологиялық жүйесін түсінуге көмектеседі.
Ал «Шваб көмекшісі Харари» адам басқарылатын тіршілік иесі бола алатыны туралы сөздер – манипуляция. Юваль Ной Харари – ғалым, Иерусалимдегі Еврей университеті тарих факультетінің профессоры және бірнеше кітаптың, соның ішінде «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» атты әлемдік бестселлердің авторы.
Ол бұл тақырыпты көтерген, бірақ хабарламада айтылған сөздер контекстен үзіп алынған. Бұл оның 2018 жылы Давостағы ДЭФ-те сөйлеген сөзінің үзіндісі. Онда ол дамып келе жатқан ақпараттық және биотехнологиялар жеке деректер мен адамдардың болашағын белгілі бір топ бақылай алатын цифрлық диктатуралардың орнакына әкелуі мүмкін деген ойымен бөліседі. Харари деректерді пайдалану принциптерін реттеуге шақырады және кез келген адамға басқа адамдардың өмірін басқаруға мүмкіндік беруге қарсылық білдіреді.
Бұл ретте ол геномды редакциялау туралы мүлдем айтпайды.
Демек, адам геномы мінсіз нәсіл алу және адамдарды басқару үшін өңделеді деген тұжырым жалған. Геномды редакциялау технологиялары адам денсаулығын жақсартуға, атап айтқанда аурудың алдын алуға және емдеуге бағытталған. Сонымен қатар, адамды қауіптер мен денсаулыққа зиян келтіруден қорғайтын нормалар мен принциптер бар.