Фейк: «Криптовалюталарды адамдарды толық бақылауға үйрету үшін ойлап тапты»
Танымал Telegram чаттарының қатысушылары алғашқы криптовалюталар адамдарды цифрлық ақшаға және жалпы бақылауға үйрету үшін ойлап табылған деп жазуда. Адамдар бұған үйреніп алғаннан кейін, қолма-қол ақшаға тыйым салынады және айналымға бақыланатын цифрлық валюта енгізіледі екен. Бұл шындыққа жанаспайды.
Мән-жайлы анықтау үшін әлемдегі ең алғашқы криптовалюта – биткоинның тарихына тоқталайық. Оған дейін цифрлық ақша технологиясын жасау әрекеттері болғанымен, олардың ешқайсысы қолайлы немесе танымал болмады.
2008 жылы Сатоси Накамото деген біреу жаңа криптовалютаның механизмдері сипатталған құжатты bitcoin.org порталында жариялады. Биткоин 2009 жылдың қаңтарында толықтай іске қосылды.
Оны жасаудың мақсаты жалпы бақылау жүргізу емес. Керісінше, биткоин адамдарға кез келген банктің бақылауынсыз және қосымша шарттарынсыз интернет арқылы бір-біріне ақша аударуға мүмкіндік беру үшін ойлап табылды.
Сонымен қатар, биткоин иелері және олардың оны қалай жұмсайтынына толық бақылау жүргізілмейді. Биткоиндерді аударуды олар түскен мекен жай бойынша бақылауға болады. Алайда бұл мекен жай биткоин иесінің атына тіркелмейді. Мекен жай да тұрақты емес, оны қаражатты алған немесе аударған сайын өзгертіп отыруға болады. Демек, биткоиндерді бақылауға болады, ал оның иесінің кім екенін білу өте қиын.
Қолма-қол ақшаны пайдалануға толық тыйым салуға қатысты айтар болсақ, бұл негізсіз. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысатындар санының артуына қарамастан, қолма-қол ақшамен есеп айырысуды қолайлы деп санайтындар да бар. Ол үшін дамыған елдерде қолма-қол ақшаны қабылдайтын банкоматтар мен бизнес нысандары әлі де бар.
Демек, таралған ақпарат өтірік. Криптовалюталар жалпы бақылау үшін жасалған жоқ, сондай-ақ жақын арада қолма-қол ақшаға тыйым салынады деп ойлауға негіз жоқ.