Fake News

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына наразылық білдірушілер баланы ұрып-соққан видео әдейі түсірілген деген пікірде

Бірнеше күн бұрын желіге баланы аяусыз ұрып-соққан ер адамның видеосы салынды. Ролик тез тарады – орын алған жайт туралы қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілердегі пабликтер жазды. Кейіннен оның Түркістан облысының Қазығұрт ауданында түсірілгені анықталды. Видеода жергілікті тұрғын күйеуінің ішіп алып, оның өзін және балаларын соққыға жығатынын айтқан. Видео жария болғаннан кейін ер адам қамауға алынды. Бұған қарамастан, кейбіреулер видео жалған деп ойлайды.

 

 

Бейнероликтің шынайылығына сенбегендер «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы балаларды бөгде адамдардың шағымдарынан кейін отбасыдан тартып алуға мүмкіндік береді деген теорияны қолдайды. (Бұған дейін Stopfake.kz бұл жаңа заң жобасы туралы жазған және бұл мәлімдемені жоққа шығарған болатын).

 

Кейбір әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың пайымдауынша, бұл видео аталған заң жобасын қабылдауды жылдамдатуға бағытталған.

Өкінішке орай, бұл видео рас болып шықты. «Отырар» телеарнасының тілшілері күдіктінің жұбайымен кездесіп, сұхбаттасқан.

 

Отбасында анасы мен әкесінен басқа үш бала бар. Күйеуі ішіп алса, жұбайын ұратын болған, балаларына күш көрсеткен. Жұбайы бірнеше рет полицияға жүгінген, бірақ әр жолы күйеуінің қатыгездігін кешіріп отырған. Бұл жолы анасы балаларының денсаулығы үшін қорқып, араша түскен, бірақ соққыға жығылған.
Қазір отағасы Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің оқшаулағышына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандарды азаптау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Балалар медициналық-криминалдық сараптамадан өтті, олардың анасына психологиялық көмек көрсетілуде. Оған REFRAME жеке даму орталығының психологтары кеңес береді.

Егер сот ер адамды айыпты деп таныса, ол 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button