Фейк: «Меркель, Тереза Мэй және Джина Хаспелдің жас кездеріндегі суреттері әлемдік қастандық теориясын дәлелдейді»
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар ескі ақ-қара суретті таратуда. Онда Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тереза Мэй және Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Джина Хаспел бейнеленген. Онда бұл фотосурет әлемді бала кезінен бастап дайындалатын арнайы адамдар басқарады деген теорияны дәлелдейді деп жазылған.
Бұл фото іс жүзінде ештеңені дәлелдемейді. Бұл ескі фейк Желіде 2018 жылдан бері таралып келеді. Ол кезде пайдаланушылар суретте Джина Хаспел емес, Литва Республикасының бұрынғы президенті Даля Грибаускайте деп жазған еді.
Фотосуреттің бастапқы дереккөзі – TIME журналының сайты. 2015 жылдың желтоқсанында онда сол кездегі тегі Каснер болған Ангела Меркельдің жас кезіндегі суреттері жарияланды. Кеңінен тараған фотосуретте «Ангела Каснер, 18, 1972 жылы Берлинде Жаңа жыл қарсаңында достарымен бірге» деп жазылған. Сайтта достарының есімдері көрсетілмеген, бірақ суретте Тереза Мэй де, Джина Хаспел де жоқ екені анық.
Мұны фактчекерлер дәлелдеді. Олар әйелдердің өмірбаянын тексеріп, 1972 жылы қыста олардың әр түрлі елдерде болғанын және Берлинде бір сауықта болмағандарын анықтады. Тереза Мэй 1972 жылы Ұлыбританияның Оксфорд қаласында оқыды. Джина Хаспел осы уақытта Англияда орта мектепті бітірді.
Сонымен қатар, фактчекерлер Хаспел мен Мэйдің жас кезіндегі суреттерін желіден таба алды. Олар 1972 жылғы фотосуреттегі Меркельдің құрбыларына мүлдем ұқсамайды.
Қорыта айтқанда, таралған суретте жас Ангела Меркель мен есімдері көпшілікке жария етілмеген екі құрбысы бейнеленген. Суретте Тереза Мэй де, Джина Хаспел де жоқ.