Дәлелсіз: «Диснейлендтер оккульттық жораларды орындау үшін пайдаланылды»
Әлеуметтік желілерде Уолт Дисней әлемге әйгілі мультфильм студиясын ғана емес, сондай-ақ порно-империя құрған деп жазылды. Aл Диснейленд ойын-сауық саябақтары Орталық барлау қызметінің жасырын эксперименттер, оккульттық жораларды және адам саудасына арналған алаң ретінде пайдаланылған екен. Мұның бәріне дәлел жоқ.
Уолт Дисней ХХ ғасырдың мәдениетіне елеулі әсерін тигізген данышпан екені сөзсіз. Алайда, замандастары оны өте қатал мінезді адам ретінде еске алады. Диснейдің көп темекі шеккені және алкоголь ішкені рас, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғандай, ол маскүнем болмаған.
Уолт Дисней немесе Диснейленд ойын-сауық саябақтары ОББ-ның MK-Ultra жасырын экспериментімен байланысты болғанына нақты дәлелдер жоқ. Оның мәні – жобада жұмыс істеген ғалымдар ақыл-ойды бақылау әдісін жасауға тырысқан. Бұл үшін этикаға жат әдістер қолданылған, соның ішінде экспериментке қатысуға келісім бермеген адамдарға әдейі галлюциногендер берген. Жоба 1973 жылы аяқталды. Содан бері жоба қайта қолға алынған жоқ және барлық қатысушылар мен олардың отбасыларынан ресми түрде кешірім сұралды.
Сондай-ақ Уолт Диснейдің рұқсатымен Диснейлендтерде оккульттық жоралар мен адам саудасы жүргізілгеніне де сенуге негіз жоқ.
Уолт Диснейдің масон болғаны да өтірік. Жас кезінде ол Де Моле ордені деп аталатын ұйымға мүше болған. Оған 13 пен 21 жас аралығындағы тәртіпті, Құдайға сенетін әрі беделі бар жастар қабылданған. Онда оларға жақсы ұл болуды, болашақта Ар-намыс кодексін ұстанатын мықты және жауапты ер адам болуды үйреткен.
Сондай-ақ хабарламада Disney логотипіндегі сарайдың прототипі болған Бавариядағы Нойшванштейн сарайы туралы айтылады. Бұл рас және бәріне мәлім. Алайда, пайдаланушылардың сөзінше, Бавария сарайы иллюминаттарға тиесілі болған, бірақ бұған тарихи дәлел жоқ. Ғимарат 1869 жылы Бавария королі Людвиг II-нің бұйрығымен салына бастады. 1886 жылы монарх қайтыс болғаннан кейін құрылыс тоқтатылды. Алты аптадан кейін құрылысқа жұмсалған шығындарды жабу үшін сарайды ашады. Содан бері қамал келушілер үшін жабылмаған және Баварияның басты көрікті жерлерінің біріне айналды.
Қорыта айтқанда, Уолт Диснейдің ОББ-мен байланысы және адам саудасы туралы таралған ақпарат дәлелсіз және конспирологтардың ойдан шығарғаны болып табылады.