Конспирология

Фейк: «Ғарышкерлер Айға қону туралы көпшілікке өтірік айтты»

Әлеуметтік желілерде «Апполлон-12» миссиясының құрамында Айға қонған ғарышкер Джон Янгтың видеосы тарады. Кадрларда оған Киелі кітапты ұстап, Айға қону жалған емес, шын болды деп ант беру ұсынылады. Бұған Янг ашуланып, әңгімені тоқтатады. Осыған орай пайдаланушылар адамдар Айға қонған жоқ деген қорытынды жасайды. Бұл өтірік.

Ұсынылып отырған видео үзіндісі 2004 жылы конспиролог Барт Сибрел түсірген Astronauts Gone Wild: Investigation In the Authenticity of the Moon Landings («Ғарышкерлер есінен адасуда: Айға қонудың шынайылығын тергеу» – ағылш.) фильмінің бөлігі. 

Фильмнің мақсаты – Айға қонудың жалған екенін «дәлелдеу». «Тергеу» барысында Сибрел Айға қонған бірнеше ғарышкерге жолығып, олардан Киелі кітапты ұстап, ант беруді өтінген. Атап айтқанда, ол «Апполлон-11» миссиясының мүшелері Нил Армстронг пен Баз Олдринге осындай өтініш жасаған. Екеуі де ант берген жоқ.
Армстронг Сибрелге: «Сізді біле тұра, бұл Киелі кітап жалған болар», – деп жауап берді. Баз Олдрин өзінің бас тартуын былай түсіндірді: «Сіз сөйлесетін адамды дұрыс таңдамадыңыз. Неге NASA әкімшісімен сөйлеспеске? Біз жолаушылармыз, жігіттерміз, ұшамыз». Осыдан кейін Сибрел Олдринді «қорқақ» және «өтірікші» деп атады, сол үшін ғарышкер Сибрелді бір тартқан.
Янг сияқты олардың да ант беруден бас тартуы 2022 жылдың соңында Желінің ағылшын тіліндегі сегментінде белсенді талқыланды. Reddit қолданушылары ғарышкерлердің іс-әрекеттерінен оларды өтірік айтуға итермелейтін белгілерді байқамады. Керісінше, талқылауға қатысушылар конспирологтың ант беру туралы өтініші оқуға және дене шынықтыруға көп уақыт пен күш жұмсаған астронавттарды қорлаған болар деген пікірге келді. Олардың реакциясының осындай болуы да сондықтан.
Дегенмен, корреспонденттің өтінішінен ғарышкерлердің бәрі бірдей бас тартқан жоқ. Киелі кітапты ұстап, ант беруге келіскендер де бар. Джин Сернан, Алан Бин және Эдгар Митчелл Айға қонғандарын, мұның өтірік еместігін айтып, ант берген.
Тарихта Айға қону алты рет жүзеге асырылған. 12 адам Жердің табиғи жер серігінде жүрген.
Айға қонудың жалған емес, нақты болғандығының дәлелі – Айдан әкелінген топырақ үлгілері, сондай-ақ фотосуреттер мен видеолар. Спутниктің бетінде ғарышкерлер мен ғарыш аппараттарының іздері, модульдердің бөлшектері қалды.
Конспирологтар Айға қону студияда түсірілгендігіне келтірілген барлық дәлелдер бұрын және бірнеше рет жоққа шығарылды. 
Қорыта айтқанда, Джон Янгтың Киелі кітапты ұстап, Айға қонғанына ант беруден бас тартуын өтірікті мойындау деп санауға болмайды. Мұндай өтініш ғарышкерлер үшін қорлық деуге болады. Дегенмен, олардың кейбіреулері Айға ұшқандарын айтып, ант берді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button