Фейк: «Еурокомиссия төрағасы халық санын азайтуды қолдайды»
Әлеуметтік желілерде Еуропалық Комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің сөзінен үзінді тарады. Оның айтуынша, Жер тез артып келе жатқан халық санын көтере алмайды, планетадағы адамдар санын азайту керек. Бұл рас па? Анықтайық.
Таралған видео үзінді Урсула фон дер Ляйеннің 2023 жылдың мамырында өткен «Өсуден тыс» форумында сөйлеген сөзінен алынған.
Ол 1972 жылы Массачусетс технологиялық университетінің мамандары мен «Рим клубы» халықаралық ұйымының мүшелері жариялаған «Өсу шегі» мақаласы туралы айтқан. Атап айтқанда, фон дер Ляйен мақала авторлары пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылық жүргізу аумақтарының тапшылығына байланысты халық санының өсуін тоқтату үшін шаралар қабылдауға шақырады деген.
Желіде халықты азайту Урсула фон дер Ляйеннің бастамасы екенін көрсетететін дәл осы үзінді тарады.
Бұл олай емес. Жердегі адамдар санының өсуін шектеу қажеттілігі туралы айта отырып, ол «өсу шегі» есебінің мәнін сипаттаған. Осыдан кейін ол халықты шектеу емес, пайдалы қазбаларды жағудан жаңартылатын және «жасыл» энергия көздеріне көшу әлдеқайда орынды деген жеке пікірін білдірді. Оның ойынша, бұл экономика мен қоғамды дамыту тұрғысынан әлдеқайда тиімді болады.
Сонымен қатар Урсула фон дер Ляйен Еуропаны әлемнің алғашқы климаттық бейтарап бөлігіне айналдыруға бағытталған «Еуропалық жасыл курс» жобасын таныстырды. Жобада жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканы дамыту және Еуропалық Одақ азаматтарының әл-ауқатын арттыру бойынша шаралар қарастырылған.
Яғни таралған видеода Еуропалық Комиссияның төрағасы ескі баяндаманы келтіріп, ондағы тезистермен келіспейтінін өз сөзінде айтқан. Ол халықтың санын азайтуға шақырған жоқ және мұндай идеяларды қолдамаған.