Фейк: «Электрондық әмияндар цифрлық құлдыққа әкеледі»
Instagram-да электрондық әмияндар жасау – бұл бүкіл адамзатты жалпы цифрлық құлдыққа салуға бағытталған жоспардың бір бөлігі екендігі туралы хабарлама тарады. Бұл олай емес. Неге екенін түсіндірейік.
Біріншіден, жазбаның 2023 жылдың қаңтар айының басында жарияланғанына қарамастан, онда 2022 жылғы наурыз-қыркүйек аралығындағы уақыт туралы айтылған. Әрине, бұл кезең өтті және жазбада аталғандардың ешқайсысы орындалмады.
Жазбада келтірілген «жоспарлар» – Дүниежүзілік экономикалық форумның «Ұлы қайта жаңғырту» атты бастамасына қатысты қастандық теориясының бір бөлігі. Бұл бағдарлама бар және онымен ДЭФ-тің сайтында танысуға болады. Онда жаһандық экономикалық дағдарысқа, қарыздарды есептен шығаруға, банктерді оңалтуға және таратылған жазбда айтылған басқа да нәрселерге әкелуі мүмкін арандатулар жайлы айтылмайды. Мұның бәрі ДЭФ және оның бағдарламалары туралы ақпаратты қасақана бұрмалайтын және манипуляциялайтын конспирологтардың ойдан шығарғаны.
Жақында тарала бастаған электрондық әмияндар Дүниежүзілік экономикалық форумның идеясы деген теориялар – жаңсақ пікір. Электрондық төлемдер мен әмияндар тарихы шамамен 30 жыл бұрын, 1994 жылы басталды. Ол кезде АҚШ тұрғыны интернетте несие картасымен төлем жасап, CD-диск сатып алған. 1999 жылы PayPal электрондық төлемдер аударудың алғашқы жүйесі іске қосылды. 2000 жылдан кейін жыл сайын жаңа электрондық төлем жүйелері пайда бола бастады. Дүниежүзілік экономикалық форумның олардың жасалуына ешқандай қатысы жоқ.
Электрондық әмияндардың қолданылуы мен дамуы қолма-қол ақшаның жоғалуына және оған тыйым салуға әкелмегені анық. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары қолма-қол ақша айналымнан шықпайды, өйткені банк карталары мен түрлі төлем жүйелерінің орнына қағаз ақшаны пайдаланатын адамдар әлі де көп.
Сондай-ақ таралған хабарламада электрондық әмияндар енгізілгеннен кейін жер иеленуге және дәрі-дәрмекті қолдануға тыйым салынады делінген. Тағы да еске сала кетейік, алғашқы электрондық әмияндар жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болған, ал дәрі-дәрмекке тыйым салуға және меншік құқығын алып тастауға ешқандай алғышарттар жоқ.
Сонымен қатар жазбада адамдар Алиментариус Кодексіне сәйкес әзірленген бірыңғай диета бойынша тамақтануға міндеттеледі делінген. Мұндай кодекс бар, бұл – тамақ өнімдерінің қабылданған стандарттарының жиынтығы. Кодексте диеталар немесе тамақтану бойынша ұсыныстар жоқ. Онда өнімдердің сапасына, оларды таңбалауға және қораптағы міндетті ақпаратқа қойылатын талаптар ғана көрсетілген.
Демек, жазбада ұсынылған ақпарат – өтірік және конспирология. Оған сенудің қажеті жоқ.