Фейк: «ДДҰ вакцинацияланбаған адамдар кісі өлтірушілерден артық емес деп ресми түрде мәлімдеді»
Telegram чаттарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинацияланбаған адамдар – кісі өлтірушілер деп ресми түрде мойындады деп жазылуда. Бұл олай емес. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Мұндай ақпараттың таралуына ДДҰ-ның ресми Twitter-аккаунтындағы жарияланым негіз болды. Онда вакцинацияға қарсы белсенділер мен жалған ақпарат туралы айтқан доктор Питер Хотездің сөздері келтірілген. Жазбаға тіркелген видеода ол жалған ақпарат тарататын вакцинацияға қарсы белсенділер «алапат күш» иесі және вакцинацияға қарсы қозғалыс ұлғайып, саясатқа да еніп жатыр деп айтады.
Доктор Питер Хотез – Ұлттық тропикалық медицина мектебінің деканы және Бэйлор медицина колледжінің педиатрия, молекулалық вирусология және микробиология профессоры. Ол ДДҰ қызметкері де, ресми өкілі де емес.
Демек, оның сөздерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәлімдемесі деп айта алмаймыз.
Сонымен қатар доктор Хотез вакцина алмағандардың бәрін кісі өлтірушілерге теңеген жоқ. Ол пандемия кезінде жалған ақпарат тарату және ғылымды жоққа шығару көп адамның өліміне әкелуі мүмкін деп мәлімдеген. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында да жазды.
Демек, ДДҰ вакцинацияланбаған адамдарды кісі өлтірушілер деп танығаны туралы ақпарат жалған. Онда келтірілген сөздер ұйымға емес, ғалымға тиесілі. Түпнұсқа жазбада жалпы егілмеген адамдар туралы емес, ғылымды жоққа шығаратын және жалған ақпарат тарататын белсенділер жайлы айтылады.