Конспирология

Фейк: «Егілген адамдарға жын кіреді»

Telegram чаттарында COVID-19 қарсы вакцина алғандарға жын кіретіні туралы ақпарат таралды. Хабарламаға тіркелген видеода өздерін біртүрлі ұстанған адамдар көрсетілген. Бұл ненің белгісі? Бұл ақпаратқа сенуге бола ма? Түсіндірейік.

Адамның бойын жын билеуі туралы теориялар мистикаға деген сеніммен тығыз байланысты. АҚШ-тың Огайо штатындағы Кейс Вестерн Резерв университетінің мамандары COVID-19 қарсы вакциналарды адамдарға тылсым күштер жіберді деген идеяларды зерттеді. Желіде үш мыңнан астам пайдаланушының мінез-құлқын, олардың вакцинацияға қатысты көзқарасын және әртүрлі тақырыптардағы мәлімдемелерін зерттей отырып, ғалымдар вакциналарды жын-перілер берді дегенге қастандық теорияларын, соның ішінде QAnon деструктивті ағымын қолдайтын адамдар бейім деген қорытындыға келді.
Жындарға, рухтарға немесе басқа да тылсым күштерге сену туралы айтатын болсақ, мұндай құбылыстың шын екеніне сенуге ғылыми негіз жоқ екенін атап өткен жөн. Әртүрлі мәдениеттердегі адамға жын кіру мен экзорцизм сеанстарының сипаттамалары мен аңыздары эпилепсия және осы сияқты т.б. ауруларға негізделген. Ортағасырлық медицина ұстамалардың табиғатын түсіндіре алмағандықтан, бұл рухтар мен жындардың әрекеті деп айтқан. Қазіргі ғылым ұстамалар кезіндегі булығу мен дененің табиғи емес жағдайын да, дауыстың өзгеруін, кенеттен шет тілінде сөйлеуді, мінез-құлықтың өзгеруін және адамның бойын «жын билеудің» басқа да белгілерін түсіндіре алады.
Хабарламаға тіркелген видеолар да адамдарға жын тигенді дәлелдемейді. Кейбір үзінділердің сапасы өте нашар, тіпті онда кім бейнеленгенін және кадрлардың қашан түсірілгенін анықтау мүмкін емес. Басқа видеолардың вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, қыздың ырылдап, жай тұрған адамға шабуылдаған видеосы 2021 жылдың желтоқсанында Тольяттиде түсірілген. Бұл видео кейіпкері синтетикалық есірткінің әсерінде болған.
Ұшақта ырылдап, маска шайнап отырған ер адамның видеосы АҚШ-та түсірілген. Ол да белгісіз заттар қабылдаған. Ұшақ қонғаннан кейін ол қамауға алынды.
Екі қыз көшеде төрт аяқтап жорғалап жүрген видео үзіндісі Желіде кем дегенде 2021 жылдың қыркүйегінен бері таралуда. Оның сипаттамасында вакцинация туралы ештеңе жазылмаған. Сонымен қатар видеоның түпнұсқасында сол жақта тұрып, қыздарды кәсіби камерамен түсіріп жатқан әйелді байқауға болады. Бұл түсірілім барысы, қыздар камераның барын білетін сияқты.
Полиция көлігінің капотына жата қалған ер адамның видеосы Желіде 2021 жылдың қыркүйегінде мем ретінде тараған. Видео кейіпкерінің мұндай оғаш мінез-құлқының нақты себептері еш жерде көрсетілмеген. Алайда, ол вакцина салдырғандықтан осылай әрекет етті деп айтуға негіз жоқ.
Әдеттен тыс немесе біртүрлі және қоғамға қарсы әрекет ететін адамдар жиі кездесетінін атап өткен жөн. Бұл мінез-құлық синтетикалық есірткіні қолданатын есірткіге тәуелділерге тән. Қазіргі уақытта мұндай роликтер Желіде кеңінен таралуда, оның себебі – ірі қалаларда белең алған есірткіге тәуелділік індеті.
Сондай-ақ видеода COVID сөзін соңынан бастап оқығанда иврит тілінен аударғанда «зұлым рух билеген» деген мағынаны білдіреді деген идея айтылады. Бұл фактчекерлер жоққа шығарған қастандық теориясы.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, вакцинацияланған адамдарды жын билейтіні туралы ақпарат фейк және конспирология болып табылады.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button