Манипуляция: «Ғалымдар CRISPR технологиясының зияны туралы ескертуде»
Әлеуметтік желі қолданушылары «ғалымдардың көбі» CRISPR геномын өңдеу технологиясының әлемге тигізетін ықтимал зияны туралы алаңдайды деген хабарды таратуда. Мұндай қауіп бар ма? Жаңа технологиядан неге қорықпау керек? Түсіндіріп өтейік.
CRISPR-Cas9 – бұл геномды өңдеудің қазіргі кездегі жаңа және нақты әдісі. Оның көмегімен ғалымдар ДНҚ бөлімдерін алып тастай алады, өзгертеді немесе қосады. Технологияны бүгінде емделмейтін деп саналатын генетикалық және басқа ауруларды емдеу үшін қолдануға болады.
Таратылған хабарламада бұл технологияны Билл Гейтс пен Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдері «алға тартып отыр» делінген. Бұл олай емес. CRISPR-Cas9 технологиясын 2012 жылы ғалымдар Дженнифер Дудна, Эммануэль Шарпантье және Фэн Чжан ашты. Содан бері оны «ілгерілету» қажет болмады. Ғалымдар оны Билл Гейтстің қатысуынсыз белсенді түрде зерттеп, тексеруде.
Қазіргі уақытта CRISPR-Cas9 тек зерттеу мақсатында ғана пайдаланылады. Ғалымдар технологияны тышқандарға, бактерияларға және өсімдіктерге тексереді. Кейбір зерттеушілер оны дәрі-дәрмек әзірлеу жобаларында қолданады, мұндай препараттар әлі дайын емес және тіпті сыналмаған.
Болашақта CRISPR-Cas9 қолдану аясын кеңейту жоспарлануда. Ғалымдардың пікірінше, технологияның көмегімен адамзат қатерлі ісік, генетикалық және басқа да көптеген аурулардан құтыла алады.
Теориялық тұрғыдан, технологияны болашақта эмбриондарға қажетті қасиеттерді беру үшін қолдануға болады: әдемі келбет, мықты денсаулық, жоғары интеллект. Алайда, бұл перспектива CRISPR-Cas9-мен байланысты негізгі этикалық мәселелердің бірі болып табылады. Әзірге ғалымдардың басым бөлігі технологияны осы мақсатта қолдану қоғамда алауыздық тудырады деген ортақ пікірде.
Сонымен қатар CRISPR-Cas9 технологиясының кемшіліктері бар. Мысалы, 2020 жылдың қазан айында ғалымдар оны қолдану эмбриондарда генетикалық бұзылулар тудыруы мүмкін деп хабарлады. Содан бері бұл мәселені шешу жолында жұмыстар атқарылуда. Ол үшін зерттеу – ықтимал тәуекелдерді зерттеп, бағалап, оларды азайту қажет.
Әлемдік ғылыми қауымдастық CRISPR-Cas9 технологиясына қатысты үлкен алаңдаушылық білдірмеді және оны қауіпті деп атаған жоқ. Демек, таратылған хабарлама – фейк.