Фейк: «Түркияда құйрығы бар балалар дүниеге келді»
Қазақстандықтар мутант балалар туралы ескі фейкті тағы да таратуда. Хабарламада Түркияда COVID-19-ға қарсы егілген әйелдер құйрығы бар және түкті балалар туғаны туралы айтылған. Бұл – фейк.
Хабарламаға тіркелген жаңалықтар сюжетінде ер адам мутант балалардың суреттерін көрсетіп, олардың аналары жүктілік кезінде COVID-19-ға қарсы егілген деп мәлімдейді. Дәл осы ролик 2021 жылы күзде Желіде тарады.
Көрсетілген фотосуреттердің барлығы, сондай-ақ ер адамның сөздері жалған.
Құйрығы бар нәрестенің суретін 2009 жылы фотограф Саймон Стоун жасаған. Шындығында, баланың құйрығы болмаған – ол оны компьютермен «салған».
Екінші суретте түкті бала бейнеленген. Кері іздеу құралдарын қолдана отырып, нәрестенің гипертихозбен немесе Қасқыр синдромымен ауыратынын анықтауға болады. Бұл аурудың дамуының нақты себептері белгісіз. Ол туа біткен немесе жүре пайда болуы мүмкін. Бұл аурудың қандай да бір ауруға қарсы вакцинация салдарынан дамуының бірде-бір жағдайы тіркелмеген.
Видеода көрсетілген үшінші фотосурет 2016 жылы, COVID-19 пандемиясына дейін түсірілген. Суретте Үндістанда туған сиам егіздері бейнеленген. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды, өйткені сәбилер әртүрлі жынысты болды, ал бұл өте сирек кездесетін жағдай.
Демек, таратылған видеода көрсетілген суреттердің ешқайсысының COVID-19 пандемиясына және ауруға қарсы вакцинацияға қатысы жоқ. Олардың бәрі баршаға қол жетімді, ал бұл балалар егілген аналардан туған деген әңгіме өтірік болып табылады.